Атырауда 135 адам алимент төлемей жүр

Атырауда алимент төлеуден жалтарып, 3 жарым млн теңге қарызға батқан азаматтың ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Борышкер ресми түрде жұмыс істесе де 6 жыл бойы алимент төлемепті. Істің ақ-қарасы енді сотта анықталады. Қарызын өтеуден бас тартып, жасырынып жүргендер бұған дейін әкімшілік жазамен құтылатын. Енді Қылмыстық кодекске енгізілген өзгеріске сәйкес, 2 жылға дейін бас босандығынан айырылуы мүмкін. Қазір Атырау облысында алимент төлеуден қашып жүрген 135 ер адам бар. Олардың қарызы 195 млн теңгеге жеткен.

Әйгерім Сәбитқызы, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры:

– Соңғы өзгерістерге байланысты 2 айдан астам алимент төлемей, өзінің табысын қасақана жасырып жүргендерге қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Жалпы бұл бағытта полиция, сот орындаушылардың қатысуымен бірлескен жұмыс жоспары жасақталған. Соған байланысты бұл бағытта борышкерлерді қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмысымызды жалғастырамыз.