Зерендінің Садовое ауылында халық далаға малын жая алмай отыр

Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылы тұрғындарының айтуынша, елді мекен маңында егіннен аяқ алып жүру мүмкін емес. Сол себепті малды далаға шығара алмайды. Өйткені аяқты мал егінге түссе, бастарынан дау арылмайды.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекеннің маңайының бәрі егін. Оның бір ғана дәлелі, мәселен, мынау егістік алқабы болса, ал, мына ағаштың ар жағында ауылдың ең шеткі үйі орналасқан. Сондықтан маңайда мал айдап жүру мүмкін емес дейді ауылдықтар.

Ал ауылдан сәл алыстау орналасқан жайылымға жету де мұң. Себебі жол бойы бидай алқаптары. Ашынған тұрғындар енді не істерін білмей дал. Былай тартса, өгіз өліп, былай тартса, арба сынадының кері. Егінге мал түссе, бақташы таяқ жейді, малды бақпайын десе ауылдағы ағайынға басқа күнкөріс жоқ.

Қадыл Нәскен, Садовое ауылының тұрғыны:

- Өткен жылы 300 метрдей малды айдап өтуге ана жайылысқа жол тастаймыз деген. Бірақ әзір тек 30 метр жер ғана қалып отыр. 30 метр ол болмайды. Бізде 300 бас ұсақ мал, 200 бастың үстінде қара мал бар. Келер жылы тіпті малды шығара алмайтын шығармыз.  

Нұрбол Зинатбек, ауыл бақташысы:

- Бізге жол бермесе, малды тастайын дегем табынды бақпай. Мен ол штраф төлейтін шамам жоқ. Егіннің үстіне шығып кетеді екен, шама келмейді екен. Бір-екі адамның қолынан келмейді малды айдап апару, айдап әкелу.

Осылай деген ауыл бақташысы енді «мал жаюдан бас тартам» деп отыр. Ал ол кезде мәселе тіпті күрделеніп кетуі мүмкін. Тұрғындардың сөзінше, егін еккен адам да халыққа қарайласу керек. Тым болмағанда өзінің егістік алқаптарын қорғау үшін мал түспейтіндей жағдай жасауы тиіс.

Бейсенбек Зинатбек, Садовое ауылының тұрғыны:

- Бұл фермада я егінді күзететін күзетші жоқ. Жалғыз адам қалай малды айдап өтеді? Сондықтан бұған өздері бақташы қою керек немесе мына жерді қоршау керек. Или мүлдем бізге салса, екпеу керек бұны. Одан кейін ауылдың іргесінен егінді салып алып, бүкіл химикатты шашып жатыр. Ертең ауыл не болады? Жұрт не болады? Мынау масқара ғой. 

Ал егіншіні кездестіре алмадық. Тіпті ауыл әкімінің қоңырауына да олардан мардымды жауап болмады. Сөздеріне сенсек, шаруашылық адамдарының бәрі сыртта жүр.

Ауыл әкімі болса, елді мекеннің иелігінде жайылым жер мүлдем жоқ емес, бар. Бірақ ол Зеренді-Атбасар трассаның арғы бетінде, яғни шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан дейді. Ал жақын маңдағы жерлердің барлығы кезінде егіншілерге ұзақ мерзімге жалға беріліп қойған. 

Базарбай Қосаманов, Садовое ауылдық округының әкімі:

- Облыстан ауыл шаруашылығы бөлімі басқармасының бастығы Балжанов Серік Мырзасейітұлының және аудан әкімі, аудан прокурорының қатысуымен күні кеше отырыс болған. Сонда берілген тапсырма бойынша қазіргі кезде кісілермен осы мәселе қаралды. Хаттама жасалды. Қазір ол хаттамалардың барлығын тиісті орындарға жіберетін боламыз. 

Мәселені шешуге қолбайлау болып отырған тағы бір кедергі бар. Ол егістік пен жайылым жерлердің мақсатын заң бойынша өзгертудің оңай еместігі. Себебі егіншідегі алқапты алып, ауылдың өрісіне беру үшін кәсіпкерге басқа жер ұсыну қажет. Ал оған беруге болады-ау деген жерлердің бәрі алыстағы жайылымдар ғана. Осылайша заңнан да, заңды орындауы тиіс жергілікті атқарушы органдардан да көңілі қалған тұрғындар енді тек Президентке үміт артып отыр.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко