Арқалықтан елордаға қатынайтындар жанын шүберекке түйіп жүреді

Арқалықтан елордаға қатынайтын жүргізушілер жанын шүберекке түйіп жүретінін айтады. Себебі жолдың күйі нашар. Су жаңа көліктердің өзі шыдас бермей, орта жолда бұзылып жатады. Тоз-тозы шығып, ойдым-ойдым болған асфальт қашан тегістеледі?

Төрт бірдей облысты байланыстыратын осы жол Тобыл өңірінің 125 шақырымын қамтиды. Әсіресе Арқалықтан Ақмола облысының шекарасына дейінгі 38 шақырымы әркімді сарсаңға түсіреді. Тұрғындардың айтуынша, жол үш жыл сайын жүрдім-бардым жөнделеді. Әр жерін жамап-жасқағанымен сол таз қалпына түседі.

Серік Төлекбаев, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Державинмен екі ортада қандай азап. Мысалы, сол Державинге соқпас үшін сол жолды айналып өту үшін өмірімізді қауіпке тігіп, Далабай деген жақпен жүреміз. Ондағы жүретін көпірді көрсеңіз Далабайға соғып анау көпірді қылкөпір деп ойлайсың. Адамдарды түсіріп жаяу өткіземіз. Өйткені бар мақсатымыз анау жаман жолдан қашу.  

Айналма жолдың өзі жаңбыр жауса батпақ, күн ысыса шаңы аспанға көтеріледі. Қалай дегенмен бар тіршілік осы жалғыз жолға қарап тұр, дейді Арқалық тұрғындары. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Жезқазған – Петропавл бағытындағы жолдың сиқы мынау. Көлігіңіз қанша жерден жүйрік болса, Ақмола облысындағы елорда бағытымен желмен жүйтку мүмкін емес. Ой-шұңқыры көп, шұрық-тесік. Абайламасаңыз, темір тұлпарыңызды оңдырмай соғып алуыңыз мүмкін. Сондықтан жылдамдықты жиырма шақырымнан асырмай, баяу жүруге тура келеді.

32 шақырым нашар жолмен бір жүрген көлік иелері техникалық сервисті қайта жағалаумен болады. Тапқан табысының біразын темір тұлпарын жөндеуге жұмсайды.  

- Жолдың нашарлығынан мемлекеттік номерімді жоғалтып алдым. Соны іздеуге шықтым. Жалпы осы жолдан кейін әр ай сайын көлігіміз бұзылады.    

- Жедел жәрдем көлігі жүре алмайды бұл жолмен. Айналып өтуге тура келеді. Дөңгелектері шығып кеткен көліктер күн сайын жол жиегінде тұрады.

Жолды күтіп ұстауға «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жауапты. Мекемедегілер барлық проблемадан хабардар. Оны шешу бойынша атқарылатын жұмыс жоспары мынадай.    

Ләззат Стамғазиева, "Қазавтожол" ҰК баспасөз хатшысы:

- Жалпы ұзындығы жолдың Ақмола өңірі бойынша ол 68 шақырымды құрайды. Оның бірінші 32 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Олар 2018 және 2019 жылдар аралығында. Қалған шақырымындарында биыл қаражат бөлінді. Мердігерді анықтағаннан кейін орташа жөндеу жұмыстарына кірісіп кетеді. Қостанай арқылы 38 шақырымы жатыр екен. Ол жерде де дәл осылай. Биыл қаражат бөлінді. Мердігерді анықтау бойынша конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр.

Мердігер анықталғанша өзге де жолдардың сапасыздығына қатысты шағымдарды «Қазавтожолдың» колл-орталығына хабарлауға болады. Фото не видеомен жіберілген материалдар жауапсыз қалмайды, дейді компания өкілдері. 

Данияр Сұлтанұлы, Андрей Деменок, Сергей Трахтенберг