476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Нұр-Сұлтанда ерекше балалары бар отбасыларға арналған көмек орталығы ашылды

  • 168
  • UPD: 15:52, 10.08.2022
Нұр-Сұлтанда ерекше балалары бар отбасыларға арналған көмек орталығы ашылды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында кезекті бірегей орталық ашылғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Елордада кезекті бірегей орталық ашылды! Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін «Бақытты шаңырақ» орталығы (Р.Қошқарбаев даңғылы, 60) өз есігін айқара ашты. Бұл – есеп бойынша осымен төртінші орталық. Оның ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі балаларға ғана емес, олардың аналарына да қажет көмек түрлері көрсетіледі.

Мұнда ерекше балалардың аналарына қайта білім алу, біліктілігін арттыру курстарынан өту, жұмысқа орналасу бойынша жердем беріледі. Сол сияқты психологиялық көмек те көрсетіледі. «Бақытты шаңырақ» орталығы мүмкіндігі шектеулі 600-ден астам баланы қамтиды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары оңалту орталықтарының желісі айтарлықтай артты. Осылайша, 15-тен астам орталық ашылды, олар 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі баланы қамтыды. Оңалту орталықтары мен көмек көрсету орталықтары ерекше балалардың ата-аналары үшін ауадай қажет. Себебі мұндай орталықтар баланың денсаулығын жақсартуға және оларды әлеуметтендіруге көмектеседі.

Мәселен, осыған дейін «Асыл Мирас», «Орда», «Балам-Ай» оңалту орталықтары, сол сияқты №1 қалалық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Олар ДЦП, аутизм, даун синдромы және жүрек талмасы секілді диагнозы бар балаларды оңалтумен айналысады.

Сондай-ақ біліктілікті арттыру және жұмысқа орналастыру мәселесіне арналған орталықтар, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы (Ардагерлер үйі), әлеуметтік орталықтар («Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы), көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша (Сарыарқа ауданы, Кенесары көшесі 9/1) ашылды», - деп жазды Алтай Көлгінов.

Хабар 24 телеарнасы