Ауылдағы медицина сапасын көтеру үшін бетбұрыс керек – ДСМ

Елдегі 32 көпсалалы ауданаралық аурухана енді көпсалалы орталық аурухана ретінде қызмет көрсетеді. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал тұрғындар саны елуге жетпейтін елдімекендерде медицина қызметкерлерін үйге шақыруға болады. Жаңа мемлекеттік норматив аясында халыққа осындай мүмкіндік ұсынылып отыр. 50-ден 500-ге дейінгі халқы бар аумақтарда медициналық пункт ашылады. Ал 500-ден 1500-ға дейінгі тұрғындар үшін фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет көрсетпек. Бұрынғы нормативте бұл көрсеткіш 800-ден басталатын. Сәйкесінше, 5000-нан артық халқы бар ауылдарда алғашқы-медициналық қызмет көрсету орталықтары салынуы тиіс.

Жандос Бүркітбаев, денсаулық сақтау вице-министрі:

– Биыл медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін дәрігерлердің жалақысын 20 процентке көтердік. Әсіресе ауыл халқының денсаулығы назарда. Жыл соңына дейін 80 жедел медициналық қызмет көрсету нысанын салынады. Аудандық ауруханаларға қымбат жабдықтар алынады. Ал шалғайдағы ауыл-аймаққа жылжымалы медициналық кешендер мен пойыздар жіберіледі.