Елде көзілдірік тағатын балалар саны көбейді

Осыдан екі жыл бұрын көзі нашар көретін 22,5 мың оқушы болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олардың қатары 60 мыңға дейін жетті. Басты себеп – электронды гаджеттар. «Күні бойы телефонға телміріп отыра бергеннен көздің көру қабілеті нашарлайды», – дейді дәрігерлер.

9-сынып оқушысы Әлихан Нұртазаның көру қабілеті -1,5 шамасында. Қазір тақтаға жазылғандарды анық көру үшін көзілдірік тағуға тура келеді. Айтуынша, телефонға телміріп отыра бергеннен осындай проблемаға тап болған.

Әлихан Нұртаза, оқушы:

- Мен телефонды түрлі түстер бар видеоларды көп қарайтынмын. Бала болғаннан кейін қызық көрінетін. Көру қабілетімді отырғызады деп еш ойламаппын. Салдарынан міне, көзілдірік тағып жүруге міндеттімін.

Әлиханның сыныбында тағы 5 оқушы көзілдірік тағады екен. Көзі нашар көретіндер қазір қарт адамдардың ғана емес, жастардың арасында да кең тарап бара жатыр.

Айдана Құлжабаева, қалалық №75 мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі:

- Ең бірінші себеп – гаджеттер. Себебі балаларымыз қазір үнемі телефонда отырады. Біз кітапқа көп көңіл бөліп, көздеріне салмақ түсірмеуге тырысып жатырмыз.

Ресми статистикаға сүйенсек, осыдан екі жыл бұрын көзі нашар көретін 22,5 мың оқушы болған. Қазір олардың қатары 60 мыңға дейін жетті. Қазіргі білім беру бағдарламасындағы жүктеме де кері әсерін беріп жатқан секілді. «Себебі таңнан кешке дейін мектепте жүрген оқушы үйіне келіп, телефон, планшет немесе компьютер ойнап демалады», – дейді дәрігерлер. Оның үстіне жағдайды пандемия кезіндегі қашықтан оқыту да ушықтыра түскен.

Айнұр Ақбарова, қалалық №6 Емхананың офтальмолог-дәрігері:

- Оның себебі бізге қатты білінді. Соңғы осы 1-2 жылда балалардың алыстан жақсы көрмеуі ата-аналарға, дәрігерлерге көп күш түсірді. Соның бәрі онлайн отырған сабақтардың, мектептің тапсырмаларын бәрін компьютермен, телефонмен қарағаннан болып отыр.

Минус 1-ге дейін емдеуге болады. Ал үштен жоғары болып кетсе, көзілдірік киеді. Көзілдірікті тек тақтаға қарағанда киетін болады. Ал егер 3-тен жоғары, яғни 6 болатын болса, онда көзілдірікті балалар әрдайым киіп жүретін болады.

Жалпы дәрігерлердің айтуынша, көздің көру қабілетін нашарлатпау үшін балаларға мектеп жасына дейін телефонды бермеу керек. Көзге арналған түрлі жаттығуларды жиі жасап, дәрумендер ішу қажет.

Авторлары: Риат Шони, Руслан Әлиев