Алматыда бірегей операция жасалды

Тоғыз жастағы Шапағаттың туғаннан екі жағында да құлақ қалқаны жоқ, есту жолдары жабық. Туабітті болатын бұл ауытқудың себебі әзірге беймәлім. Анығы, есту қабілеті жоқ бала, сөйлеуден де қалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін де бірнеше операцияны бастан өткерген Шапағатқа дәрігерлер жақында естуге мүмкіндік беретін имплант қойды. 

Айдана Маметниязова, Шапағаттың анасы:

- Барлық жерге бардық Росияға да, Питерге де. Кішкентай, айлық кезінде Питерге барып аппарат сатып алғанбыз, контакт мини, сол аппаратпен біразға дейін сол көмек болып, қазір соның арқасында шамалы сөйлейді Мемлекеттен осындай бомбридж аппараты бөлініп, қолдау білдіріп, көмектесіп жатыр, үлкен алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта  бір айдан кейін установкасын жасайды. Содан кейін полноценно естіп кетеді, кетеміз бұйыртса.

Бірегей операция Асфендияров атындағы медицина университетіне қарасты «Ақсай» клиникалық балалар ауруханасында жасалды. Хирург дәрігер Айгүл Медеулованың айтуынша, бұл балаларда ішкі құлақтың есту нервісі сақталған. Сондықтан имплант сүйектің қалыңдығына орнатылады. Ал сүйек дыбысты ішкі құлаққа береді, соның арқасында бала естиді. Яғни, бұл сүйектің тікелей өткізгіштігі принципіне негізделген имплант.

Айгүл Медеулова, балалар ауруханасының Емдеу ісі бойынша директордың орынбасары:

- Бұлардың енді құлақтарының ақаулары болғандықтан, құлақтың қалқаны жоқ болғандықтан есту жолдары жабық болғандықтан, әрине ешқандай есту аппаратын орнататын жері жоқ. Сондықтан бұл құлақтың самай сүйегінің ішіне имплант қондырылады. Сол арқылы сыртындағы есту процессоры болады, сол процессор арқылы бала 100 процент естиді.

Күрделі операцияның құны 5 миллион теңгеден асады. Ал шетелде бұдан бірнеше есе қымбат. Бірақ, арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында Қазақстанда бірегей имплант балаларға тегін қойылады. Статистикаға сәйкес, елімізде құлақтың туабітті ауытқуымен дүниеге келген 86 бала бар. Жыл соңына дейін олардың 19-ына есту қабілетін қалпына келтіретін құрылғы қойылады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев