Таразда 85 көшенің жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған

Таразда жөндеу жұмысы басталып, кейін аяқсыз қалған 85 көше бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында 3 жылдан бері шұрық-тесік болып жатқандары да жетерлік. Тұрғындар қала орталығында қазылып жатқан жолдардан зардап шегіп отыр. Бөлінген қаржыны жергілікті билік неліктен игере алмаған? Жолдардың жылдап жөнделмей жатуына не себеп? Тараздағы Көшеней көшесінде 3 жыл бұрын жылу құбыры жөнделген еді. Құрылысшылар қазған асфальты қайта жамауы тиіс болған. Бірақ мердігер шағал тасын төсеп, аумақты сол күйі қалдырған. Енді зардабын халық тартып отыр.

Енді 3 жыл бұрын қырып алып тастады, сол күйі жатыр ғой. Әне істеледі, міне істеледі деп.

Құбыр салды ма бірдеңе салды ғой. Кейін солай тастап кетті. Болды. Жөндейміз жөндейміз деді, енді құдай біледі қашан жөндейтінін.

Жалпы Тараз қаласында 85 көшенің жөндеуі дәл осындай жағдайда. Оның ішінде Қолбасшы Қойгелді, Жамбыл сынды ірі даңғылдар бар. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, биыл шаһарда 12 мың шаршы метр жол жөнделуде. Алайда соның тең жартысы аяқсыз қалған.

Ерболат Сейітбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысының м.а:

– Оның сапасыз болғандықтан, біз оны қабылдап алу жұмыстарына қабылдамай отырмыз. Қалпына келтіреді сол кезде біз оны қабылдап аламыз. Жаңа қалпына келтіру, сапасыз жасалған жолдардың барлығын біз сотпенен шешімін алып, келесі аптада уәдесін беріп отыр келіп қалпына келтіремін деп.

Жолға жауапты мамандар өз міндетін орындамаған компанияларды сотқа беруде. Осы шарадан кейін ғана сең қозғалуда. Ал оған көнбей қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбей отырған мердігерлердің мәселесін, құқық қорғау органдары майшаммен қарамақ.

Авторлары: Мерей Бает Бақытжан Бапаев

Сондай-ақ...