Елордалық жігіт нан қалдықтарынан жем шығарады

Қоқыс мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған. Бұған тұрғындар да жауапты екенін естен шығармаған жөн, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Нанның қадір-қасиетін ұмыттық па? Әйтеуір нанды пакетке салып, қоқыс жәшігінің маңына қалдырып кету әдетке айналды. Елордалық жігіт тонналап шашылып жатқан нанды кәдеге жаратуда.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Тау-төбе болып күнделікті жиналған нан қалдықтарын жұмысшылар бірінші полиэтилен пакеттен ажыратып жинайды. Ал мұндағылар тұрғындарға нан қалдықтарына арналған контейнерге тек нан қоқымдарын ғана салса деген өтініші бар. Себебі кейбіреулер бұған қоқыстың басқа түрін де араластырып жіберіп, қиындық туғызады екен.

Жас кәсіпкер Русланның бұл істі қолға алғанына көп бола қойған жоқ. Бүгінде 12 адам жұмыс істейді. Бірақ айналдырған 8 айдың ішінде Астананың екі ауданына мың жарымнан астам контейнер қойыпты. Құрғақ нан қалдықтарын әбден өңдеп, бірнеше түрлі мал азығын дайындайды. Әзірге Елорда төңірегіндегі шаруаларды ғана қамтып отыр.

Руслан Убениязов, кәсіпкер:

-Біз сырттан келген химия қоспаймыз. Тек бүкіл қалдық нан өнімдерінен жасаймыз. Қазірге тек елорданы қамтымақпыз. Әлі толық қамтыған жоқпыз. Өзге өңірлерге келешекте ойымыз бар.

Жем зауытына күніне 1 тоннадан астам нан қалдықтары жеткізіледі. Ал мал азығы тек наннан ғана жасалмайтындықтан, оған түрлі қоспалар қосылады. Нәтижесінде 2 тоннаға жуық жем дайындалады. Тапсырыс молая түссе, өндірісті күніне 8 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Жұмысшылар: «Тұрғындар қоқыс төгу мәдениетіне мұқият болса екен», – дейді.

Болатбек Ермұқанов, кәсіпорын жұмысшысы:

- Мына келген нанды сұрыптаймыз. Одан кейін тазаланған нанды ұнтақтаймыз. Содан кейін кептіріп, құрғатып, шығарамыз. Шыққан нанға тағамдарды қосып жем жасаймыз. Құстарға, қара, ұсақ малдарға жем шығарамыз.

Нан қалдықтарына арналған контейнер кәдімгі қоқыс жәшігінен өзгеше. Бұл бөшкені де зауыт жанынан өздері дайындап шығарады. Ал жемнің құнарлылығын бақылап отырады. Ол үшін арнайы мал жемдейтін орын да ашқан.  

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Мұрат Әріпханов