Қызылорда облысында 27 жаңа амбулатория салынады

Жүкті әйелдердің патологиясын бақылау мен диагностикалауды күшейту қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болған денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге 200 төсек-орынға шақталған перинаталдық орталықтың жұмысымен танысты. Қызылорда жұртшылығымен кездесіп, салаға қатысты ұсыныс-тіліктерін де тыңдады.

Перинаталдық орталықта орта есеппен жылына 11 мың сәби дүниеге келеді. Түрлі асқынулар, мерзімінен ерте босану кезінде мұндағы мамандар кешенді көмек көрсетуге әзір. Дегенмен ана мен бала саулығына қатысты мәселелер де жоқ емес. Министр айтулы түйіткілдердің себебін дәрігерлермен бірге талқылады.

Сәбит Пазылов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Біздің аймақтан 4 аурухана ауданаралық статусын алып, инсульт алған, инфарк алған науқастарды емдеу жұмыстары жүргізілетін болады. Соған байланысты құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қаражат бөлінетінін айтып өтті.

Ажар Ғиният облыстық жедел жәрдем стансасына да барды. Шалғайдағы ауылдардың шұғыл медициналық көмекке көбіне көңілі толмайтынын айтты. Сондықтан бұл қызмет оңтайландырылуы тиіс. Осы тұрғыда мамандардың да ұсынысы ескеріледі. Салаға қатысты Сыр бойылықтардың да сауалы аз емес. Соның біразына денсаулық сақтау министрі өңір тұрғындарымен кездесуде жауап берді.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

Ұлттық жоба арқылы осы Сыр елінде 27, ал оның көбі дәрігерлік амбулатория елдімекендерде медициналық мекемелер салынатын болады. Келесі жылдан бұл бағдарлама жұмыс жасай бастайды.

Министр сапары барасында 75 төсек-орынға шақталған Қазақ республикалық лепразорийдің, Шиелі аудандық ауруханасы мен ауылдық амбулаторияның жұмысымен танысты. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов