Түркістанда Орталық Азия мен Ауғанстанның азаматтық қоғам өкілдері бас қосты

«Зорлық-зомбылықты нақты жою үшін, оған қарсы ашық күресетін және оның мәнін жақсы түсінетін азаматтық қоғам мен сарапшылардың белсенділігі қажет». Аймақтағы жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алып, нақты ұсыныстар әзірлеу үшін Түркістандағы қазақ-түрік университетінде бас қосқан Орталық Азия мен Ауғанстанның азаматтық қоғам өкілдері осындай пікір айтты.

Екі күнге жалғасқан форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ауғанстанның 30-дан астам азаматтық қоғам өкілі мен сарапшылары қатысып, тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ жиында әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрін айыптайтын «Жарық сәуле» бастамасының өңірлік бағдарламасы талқыланды. Бұдан бөлек, басқосуда жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия альянсының болашағы да қаралды. Айта кетейік, форумға БҰҰ өкілдері ZOOM арқылы қатысты. Олар әрбір қыз-келіншек өзін қауіпсіз сезініп, өз құқығы мен мүмкіндігін толық пайдалануы үшін азаматтық қоғамның орны маңызды екенін атап өтті.

Шухрия Халики, Ауған отбасыларын қорғауға арналған ұйым директоры:

- Билік ауысқан 1 жылдан бері ауған әйелдерінің жұмыс істеуіне, қыздардың мектепке баруына тыйым салынып отыр. Мектептерде 6 сыныпқа дейін оқуға рұқсат. Әйелдердің жоғары лауазымды жұмыс істеуіне тыйым салынған. Тек мұғалім, дәрігер сияқты жұмыс істеуіне болады. Оның өзінде жұмысқа әкесі мен не ағасымен бірге бару керек. Көшеде әйел адамның жалғыз жүруіне болмайды. Сондықтан ауған әйелдерінің құқығы қорғалған деп айту қиын.

Жанар Темірбекова, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ректоры:

- Кез келген елде дәрежесіне қарай біреуінде аз, біреуніде көпбұл мәселе өршіп тұр. Сондықтан бұл мәселені түбегейлі шештік деп ешбір ел айта алмайды өкінішке орай. Біздің елімізде де үлкен көңіл бөлініп отыр. Осындай жиныдар арқылы, сарапшылардың бірлескен жұмысы арқасында, әртүрлі елдердің тәжірибелерімен бөлісіп, ортақ бір-біріне ұсыныстар жасалады деп күтудеміз.