Қытаймен шекарада электронды кезек жүйесі іске қосылды

Бүгіннен бастап Қытаймен шекарадағы «Достық» автомобиль өткізу пунктінде электронды кезек жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов осылай деп мәлімдеді. Жүйені енгізудегі мақсат – көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезегін қалыптастыру және бұл процестің ашықтығын қамтамасыз ету. Бағдарламаны қолдану өте оңай. Мәселен, жүргізуші портал немесе мобильді қосымшаға тіркеліп, кейін жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Сосын оған өз кезегі туралы SMS-хабарлама жолданады, - дейді Бақытжан Слямов. Шекарадағы тың жоба кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Ал қазір тек пилоттық режимде іске қосылды.