Алматыда Bastau кинофестивалі өтіп жатыр

Алматыда оныншы «Bastau» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Мерейтойлық шараға отандық және шет елдік жас таланттардан мыңнан аса өтініш түскен. Іріктеуден өтіп, байқауға қатысып жатқан картиналарды кино саласының шеберлері мен көрермен бағалайды.

Мерейтойлық кинофестивальдің ашылу салтанаты Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Кино саласына қадам басқан жас таланттардың бағын ашатын оныншы «Bastau» халықаралық кинофестиваліне әлемнің 40 елінен 53 картина іріктелген. Олар қаладағы Чаплин, Арман кинотеатрында және Тұран университетінің кинозалында тегін көрсетіледі.

Сергей Азимов, «Bastau» халықаралық кинофестивалінің президенті:
- Іріктеуден өткен кинолар бізге үлкен үміт береді. Себебі мына қазіргі жастардың кәсіптік, көркемдік өнері өте жоғары. Одан кейін мына ұлттық иісі бар. Олар күрделі осы проблемаларға көп назар аударады.

Фестивальдің басты мақсаты – жас режиссерлерді қолдау және үлкен киноға жол ашу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Bastau» халықаралық кинофестивалінің ауқымы арта түскен. Осы жылы Латын Америкасы мен Африкадан да үміткерлер бақ сынауда.

Диана Ашимова, «Bastau» халықаралық кинофестивалінің арт-директоры:

- Отандық бағдарламада қызық болмақ. Мысалы, Әділхан Ержановтың, Асқар Ұзабаевтың жаңа фильмдері көрсетіледі. Ал жас көрермендер үшін Бастау Кидс бөлімі аясында балаларға арналған фильмдер экранға шығады.

5 күнге созылатын кинофестивальде 15 аталым бойынша үздік туындылар анықталады. Толықметражды, қысқаметражды және деректі фильмдер арасынан үздік шыққандар бағалы сыйлыққа ие болады. Сонымен қатар «Ерекше аталым» және «Үздік азиялық қысқаметражды фильм» жекелей атылым иегерлері де марапатталады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон.