Түркістан қаласында қылмыс едәуір азайған

Мәселен, көше қылмысы 172-ден 150-ге дейін, ал отбасындағы тұрмыстық жанжалдар мен пробациялық есепте тұрғандардың қатысуымен болатын заң бұзушылықтар 30-40%-ке кеміген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасақана кісі өлтіру, тонау, қарақшылық, бөтеннің мүлкіне қол сұғу сияқты қылмыс түрлері де төмендеген. Жыл басынан бері тергеуден бой тасалап жүрген 45 тұлғаның 37-сі ұсталып, қамауға алынды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасының саны айтарлықтай азайды. Мамандар бұған жүйелі жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен қала көшелерінде орнатылған бейнебақылау камераларының көмегі көп болды дейді. 

Бауыржан Жанаев, қалалық Полиция басқармасының басшысы:

- Қылмыспен тек полиция емес, халық болып жұмыла күрескен кезде ғана қылмысты біз түбегейлі жоямыз. Біз енді жазалушы орган емес,  халықты қорғаушы болу мақсатында жұмыстар атқарудамыз. Оның себебімен емес, салдарымен күресіп жатырмыз. Не себепті ол ондай дәрежеге жетті? Ашықтықты, қолжетімділікті қазір іске асырып, осы ел болып, халық болып қылмысты азайтамыз деген жоспарымыз, үмітіміз бар.