Қарағанды облысында тазы асырайтын елді мекен бар

Қарағанды облысында тазы асырайтын елді мекен бар

Кеншоқы ауылындағы салпаңқұлақтардың саны қазір 150-ден асқан.

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі саятшылар осы ауылға келіп құмай тазының тұқымын алады екен. Ал ауыл жастары әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, бекзада өнерді насихаттап келеді. 

Бағзыдан қалған бекзада өнерді насихаттап, дамытып отырғандардың бірі - Асхат Аманбаев. Былтыр ғана Сылдыр есімді құмай тазысы 8 мемлекет қатысқан халықаралық жарыста бас жүлдеге ие болған. Ел ішіндегі жарыстардан да қанжығасы бос қайтқан емес. Қазір оның қолында 30-дан астам салпаңқұлақ бар. 

Асхат Аманбаев, итбегі:

- Ең көп 80 болды, осыдан 3-4 жыл бұрын күшігі 300-дей болған. Сосын жан-жаққа тараттық. Қазір ауылымызда 150 тазы тазы бар. Ұстаған соң жақсы тазы, таза тазы ұстау керек. Қай жерде жақсы тазы бар, соларға барып тұқым алмасамыз. Сөйтіп, тазыны дамытып жатқан жайымыз бар. 

Айтуларынша, Кеншоқыдағы әр үйде кемінде 2-3 тазыдан бар. Сайын далада саят құрып, ит жүгірту мұндағы жастардың күнделікті кәсібіне айналған. Ауылда аңшылар құрылтайы да жыл сайын қараша айында дәстүрлі түрде өтіп тұрады екен. Жетістіктерін әлеуметтік желідегі өздерінің жеке парақшаларына салып отырады.  

Диас Мейірханов, итбегі:

- Осы саятшылық өнерді келешек ұрпақтарға көрсету - біздің мақсат. Аңға шыққан, қоян қуған, түлкі алған жазбаларымыз бар. Қазір 4 мың жазылушымыз бар. Млн-ға жуық қаралым бар. 

Ауыл азаматтары енді саятшылық өнерді аудан деңгейінде дамытып, аңшылар мектебін ашсақ деген ойлары бар. 

Қанат Сағындық, аудандық Спорт мектебінің директоры:

- Ауданда секциялар аштым. Қазір көкпар аштым, аударыспақ, биыл садақ ату аштым. Қыран бүркіт пен тазыларды енді насихаттап жатыр ғой, қазір заң шығарып жатыр. Алда ыңғайы келіп жатса, шет өңірінде, аңшылық өнер ғой ол да, оны ашуға болады, жоспарда бар.

Мамандардың айтуынша, қазір әлемде 400-ден астам иттің түрі бар екен. Бірақ қазақтың тазысы мен төбеті асыл тұқымды иттердің тізімінде жоқ. Оны қосу үшін халықаралық кинология қауымдастығына елімізде 1 мыңнан астам құмай тазының бар екенін растайтын құжат тапсыруымыз қажет. Өкінішке қарай, қазір Қазақстанда бар-жоғы таза қанды 200 тазы ғана тіркелген. Дегенмен, биыл сең қозғалды. Президент «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы» заңға қол қойды. Енді жеті қазынаның бірі ұлттық құндылық ретінде қорғалады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар