ШҚО-да тасқын қаупінің алдын алуға тас түйін дайындалып жатыр

Ел шығысында тасқын қаупінің алдын алуға тас түйін дайындалып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті әкімдік өкілдері қажетті шаралар қабылдады.

«Өлкеде қарғын су алуы мүмкін 71 елді мекен бар. Қаңтарда қар қалың түсті. Кейбір аймақтарда ақ ұлпаның қалыңдығы 1 метрден асып кеткен. Қазірден қамданбаса болмайды», - дейді мамандар. Сондықтан облыстағы гидробекеттер тәуліктік мониторинге алынған. Ал құтқарушылар болса арықтарды тазартып жатыр.

Алтай ауданы тасқын қаупі зор аймақтар қатарында. Үнемі  қары қалың, қысы қатты. Қазір ауданның кейбір жеріндегі ұлпа қалыңдығы 1 метрден асып кеткен. Алтай қаласының ішінде де қар аз емес. Аяқ астынан күн күрт жылынса қандай қатер келетіні белгілі. Сондықтан қазір қарды шығару жұмыстары тәулік бойы атқарылып жатыр. Тұрғындар осыдан алты жыл бұрынғы әбігерді әлі ұмытпаған.

Юрий Лаврентьев, Алтай қаласының тұрғыны:

- Иә ол жылдары мына төменгі көшедегі үйлерді су басып қалған еді. Жұрт қатты қиналған болатын. Биыл да қар қалың түсті. Дегенмен мінеки күн-түн демей шығарып жатыр, осылай тиянақты жұмыс істелсе, барлығы жақсы болады деп сенемін.

Тау-қиясы көп ауданда 4 бірдей өзен бар. Соның бойындағы Малеевск, Средигорное, Чапаево сынды 12 ауыл басты назарда. Әйтеуір ақ ұлпа көп жауғанымен жер тоңы қатты қатпаған. Бар болғаны 28 см. Қазір жанар-жағар май қоры мен инертті материалдар және арнайы техника дайын тұр. Ең бастысы гидробекеттер жұмысы  басталып кетті.

Медет Сахариев, Алтай ауданы әкімінің орынбасары:

- Өзендердің бәрінде  бізде гидробекеттер жұмыс атқарып жатыр. Тәулік бойы көктем кезінде ақапарттар беріп отырады.сонымен ары қарай шаралар жасаймыз.

Тасқын қаупі жоғары елді мекендер тізімінде облыс орталығы Өскемен де бар. Қала тау ортасында тұр. Ішімен төрт бірдей ірі өзен, алты бұлақ өтеді. Демек қатер аз емес. Салалық мамандар мұндағы бұлақ пен өзендерді күн сайын қарап жүр десе де болады. Мұз басып сіресіп жатқандарын жылы сумен жібіту жұмыстары ұйымдастырылуда. Соның бірі Согра ықшам ауданындағы Безымянная өзені. Мұндағы су көтерілсе маңайындағы 20 шақты үйдің топан су астында қалуы ықтимал.

Валентин Литвиненко, қалалық ТЖБ аға офицері:

- Өскеменнің шет жағындағы 11 участокте тасқын қауіпі зор. Сондықтан біз осы жерлерге көңіл бөліп жатырмыз. Су көздерін ашып, ағыстың еркін ағуына жол ашу маңызды.

Қауіпті сейілту үшін Ахмер, Меновное,Шмелев Лог сынды шеткері аудандарда жаңа арықтар да қазылды. Дегенмен жер жұмсақ. Енді тек сынап бағанасының бірден емес, біртіндеп көтерілуі маңызды.

Қаныш Мұқажанов, қала әкімінің бас инспекторы:

- Биылғы жылы жердің қатуы 41 см болып тұр, бұрынғы 2018дегі ең қатты қыс болған еді,қар болмады ол кезде, жер қатуы 150 см, яғни1-5-2 метрге жетті кей жерде биылға қарағанда. Қар мол жер жұмсақтау болып тұр.

Жалпы Өскеменде көктемгі шараларға 75 бірлік техника мен 120 адам жұмылдырылмақ. Бұл әрине төтенше жағдайлар қызметі әзірлеп отырған  күштік құрылымдар есебін қоспағанда.