Әскерилер Үштөбе тұрғындарын өрттен құтқарды

Үштөбе қаласында әскерилер отқа оранған үйден 5 адамды аман алып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға 20 қаңтарда болған. Әуе қорғанысы күштеріне қарасты 55078 әскери бөлімінің сарбаздары көлікпен жүріп кездейсоқ өртеніп жатқан үйді байқайды. Көп кідірмей, көмекке ұмтылған олар 2 баласы бар әйел мен ерлі-зайыпты қарт кісілерді құтқарып үлгерді. Көзсіз ерлік мұнымен бітпеді. Сарбаздардың бірі зардап шеккендерді жедел орталық аудандық ауруханаға жеткізсе, қалғаны үйдің ішіне кіріп, газ баллонын алып шығады. Осылайша,олар жойқын жарылыстың алдын алып үлгерген. Сонымен қатар өрт сөндіру бригадасы келгенге дейін тілсіз жауды ауыздықтап, оқшаулаған.

Әлібек Шадетов, 55078 әскери бөлімінің сарбазы:

- Өзіміз 1 көлікпен 5 бала жұмысқа кетіп бара жатқанбыз. Адам бар ма, жоқ па екен деп үйдің ішіне кірдік. Енді адами фактор дейді ғой. Өзіміз шошынсақ та, үйге бірден кірдік. Барынша алып шығатын заттар бар ма, адам бар ма деген ой ғой енді. Мұны ерлік деп санамаймын өзім. Әр адамның парызы ғой – көмектесу.