Қостанай облысында орманшылар күйген ағаштарды кесіп жатыр

Әулиекөл орманшылары өртте күйген ағаштарды кесіп жатыр. Биылдыққа от шалған алқаптан 339 мың текше метр ағаш дайындайды.

Бұл жоспардың шағын бір бөлігі ғана дейді өздері.

Енді орманшылар кесілген осынша ағашты қайда өткізеді? Түскен ақшаны қайда жұмсайды?

Біз болған Семиозер орман шаруашылығының жер көлемі  46 мың гектарды құрайды. Былтырғы алапат өртте соның 29 мың гектары күйіп кеткен. Енді бұл ағаштар бүршік атып, көктемейді. Сондықтан кесіп, кәдеге жаратудан басқа амал жоқ. Ағашы оталатын екі мың гектар аумақ анықталып белгіленген. Қазір жұмыс қызу жүріп жатыр.

Ал орманшылар артық ағаш кесілмеуін, бұл жерге өзгелердің кірмеуін бақылайды. 

Ардақ Нұрғазин, орманшы:

- Осындай бақылау жұмысы қазір. Кесіліп жатыр соларды бақылап, қысы, жазы күзет қой. Отвод жұмыстар бар, қар кетеді отвод жасайды, мысалы анау кесіп жатыр ғой, алдын-ала отвод жасалады. Бәрі есептеп, саналып, рұқсат қағазы келгеннен кейін мероприятия жасалады. 

Әзірге мұнда Семиозер орман шаруашылығының бір бригадасы жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта олардың саны көбеюі мүмкін. Былтыр орман шаруашылығына 14 замануй жаңа трактор берілген. Өнімді, жайлы сол техникалардың бірі тәжірибелі механизатор Азамат Ахметқалиевке бұйырыпты.

Азамат Ахметқалиев, механизатор: 

Салқындатқышы бар, пеші бар. Рахат, мыналарға қарағанда енді. Жазда әдемі болады. Жылы пеш, отыра алмайсың, шешініп жүресің былай.

Семиозер орман шаруашылығына жыл аяғына дейін екі мың гектардан 300 мың текше метр ағаш дайындау міндеттелген. Құрылысқа жарамдыларының текше метрі 15 мың 400 тенге шамасында, отынға жіберілетіндері 1800-3700 тенге аралығында сатылуы тиіс. Ал түскен қаржы тек орман шаруашылығының қажеттілігіне жұмсалады деп отыр.     

Еркін Баймағанбетов, «Семиозер» орман шаруашылығы басшысының орынбасары:

- Бұл қаржы негізінен алқапты тазарту, ағаш отырғызу, орманды қорғау мақсатына бағытталады. Сондай-ақ техниканы жаңартуда ойда бар. Мысалы биыл  өрт сөндіретін үш Камаз көлігін сатып алу жоспарланып отыр. Оның әрқайсысы шамамен 80 млн тенге тұрады.

Айта кетейік биыл орман шаруашылығы қызметкерлерінің  құрамы  226 адамға толықты.Сонымен қатар қосымша трактор, өрт сөндіру көліктерімен қамтамасыз ету көзделіп отыр.