Астанада Наурыз мерекесі 3 күн бойы тойланады

Сәні жарасып, салтанаты келіскен. Астанада мереке 3 күн бойы тойланады. Қазақ күресі, арқан тарту, кір көтеру сынды спорттық сайыстар күн сайын өтеді. Жұртшылық дәм ауыз тиіп, наурыз көже ішеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Асық атысып жарысқан жастар, жауырыны жер иіскемен палуандар. Елордадағы Қазақ елі монументі маңында астаналықтар шат-шадыман болып, көктемнің шуақты мерекесі – әз Наурыз мейрамын думандату үстінде.

Бұл алаңға келген қонақтарға Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның әртістері көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ән мен жырдан шашу шашты.

Ерлан Дәкенов, Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры:

- Концерттік бағдарламамыз 3 күнге созылады. Сағат 11-ден кешкі 4-ке дейін және де ертең 22-сі күні сағат 11-ден 4-ке дейін болады. Ал 23-і күні 2 сағаттық концертті дайындап жатырмыз. Жалпы, халықтың көңіл күйі жақсы. Күнде өзінің бүгін ерекше шуағын төгіп тұрғандай.

Бұдан бөлек, қара күш иелері қазақ күресінен жарысқа түсіп, араларындағы мықтыларды анықтады. Сондай-ақ түрлі тақырыпта безендірілген ақшаңқан киіз үйлерді де аралап, қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен танысуға мүмкіндік бар. Бұл алаңда Наурызды думандатқан жұртшылық қыстан қысылмай шыққан отандастарымызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап тарқасты.

- Ата-бабамыздан келе жатқан Наурыз мейрамы құтты болсын! Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын! Қазақстаным көркейе берсін!

- Жақсылық болсын. Еліміз аман болсын!

- Наурыз мерекесімен құттықтаймыз! Ақ мол болсын! Барлығымызға бақыт, денсаулық сыйлаймын. Тек жақсылық бола берсін!

Авторлары: Риат Шони, Нұрғали Мамырбаев.