Қызылордадағы мектепті экзотикалық құстар мекендейді

Экзотикалық құстар мектепті мекендейді. Бұл білім ұясы Қызылорда қаласында. Мектеп ауласындағы торда әлемнің әр түпкірінен жеткізілген қанаттылар өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алтын, күміс, қызғылт, күлгін түстер. Бұл – қырғауылдардың сирек кездесетін түрлері. Мектеп директоры Батырбек Әбиев ерекше қанаттыларды бірнеше жыл бойы жинаған. Енді мектеп балаларының таным деңгейін көтеру үшін пайдаланып отыр. 

Батырбек Әбиев, №9  мектеп-гимназиясының директоры:

- Расы керек, көп оқушыларымыз көпқабатты үйдің балалары. Көп құстардың не екенін де білмейді. Көрмеген құстары бар. Оның үстіне мына тауыс құстары әсіресе. Естеріңізде болар, тауыс құстары ертегіде бақыт құсы деп тәрбиеледік қой. Арманымызды айтатын едік. Сондай мағынада, осы балаларымыздың мақсаты, армандары орындалсын деген мақсатпен ұйымдастырып отырмыз.

Мектептегі бұл бастама ата-аналардың да көңілінен шыққан. Балалардың табиғатқа жақын болуы біраз жетістіктерге жол ашады, - деп сенеді олар.

Гүлнұр Молдақожаева, қала тұрғыны:

- Басқа мемлекетте жүретін, басқа елде жүретін құстар осы жаққа келгені бір керемет дүние деп ойлаймын. Бұл әлемнің таңғажайып кереметтерін көру деген, тану деген бастама өте жақсы.

Оқушылар үнді тауығы туралы да біраз ақпаратқа қанық. Табиғатта сирек кездесетін бұл құстың тұқымын көбейтіп, түрлі ауа райына бейімдеу әдістерін меңгерген. Сонымен қатар ғылыми, шығармашылық ізденістеріне де арқау етіп, түрлі білім бәйгелерінде дара шығыпты.

- Құстардың пайдасы зор. Олар арқылы ауа райын болжауға болады. Олар жаңбыр жауар алдында ерекше дыбыс шығарады. Павлиндердің еті мен жұмыртқасының емдік қасиеттері бар әрі иммунитетті күшейтеді.

Мектептегі экзотикалық құстардың қатарын әлі де толықтырылады. Оларға арнап шағын бақ үлгісіндегі арнайы орын дайындау және түрлі өсімдіктерге арналған жылыжай салу жоспарланған. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музарапшин, Айтмұхамбет Байдулдаев.