Жамбыл облысындағы ауыл 30 жыл бойы жалғыз құдыққа қарап отыр

Жамбыл облысындағы Әбілқайыр ауылы жалғыз құдыққа қарап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Кеңес кезінде қазылған құдықтан адам да ішеді, малды да суарады. 30 жылдан бері көрген бейнетіміз осы, - дейді ауыл жұрты.

Мерей Бает, тілші:

- 30 жылдан бері Әбілқайыр ауылының тұрғындары осы жалғыз құдықпен жан бағып отыр. Мал да, жан да осы жерден су ішеді. Ал ауыл қариялары болса мына сынды бөшкелерге су толтырып, сай саланы аралап, тіршілік нәрін тасуға мәжбүр. Әкімдіктен күдер үзген көптің бір ғана арманы бар. Ол – ауылға ауыз су желісі жеткенше, сайдан шыққан судың сарқылмауы.

Мұндағы ел егін салып, бау-бақша өсіруді қойған. Ауылдықтар ауыз суды 60 жыл бұрын салынған артезиан құдығынан алады. Су тартудың өзі машақат.

Сыдыха Надирова, Әбілқайыр ауылының тұрғыны:

- Жаңбыр жауған уақытты мына жердің бәрі жер саздақ, мына жердің бәрі батпақ белуардан. Біз тек жаяу адам емес, машина да түсіп кетіп жатыр мына жерден.

Омар Биқоңыров, Әбілқайыр ауылының тұрғыны:

- Батпаққа кіріп, суды шығара алмай, бала-шаға, кемпір-шал құлап, қыстыгүні де тайып, құлап жығылып, жарақат алғандар да бар. Ешқандай жағдай жоқ.

Тұрғындар бұған дейін ауладан құдық қазып, су шығармақшы болған. Бірақ таулы аймақ болғандықтан, артезиан суы 150-200 метр тереңнен шығады. Аудан билігі бұдан хабардар. Сондықтан тұрғындар ауылға әлі күнге ауызсу желісінің тартылмағанына наразы. Ал жауаптылар ауызсу жүйесінің жүргізілмеуіне халық санының аздығы себеп дейді. Одан бөлек, бюджеттен қаржы бөлінбеді деп түсіндірді. Дегенмен биыл қажетті қаражатқа тағы да өтінім беріпті.

Қабілет Әбдірахманов, Т. Рысқұлов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Әбілқайыр ауылына биылғы жылға бізге кешенді блокты модуль қою жоспарланып отыр. Сол кешенді блоктың модуль қойылуы үшін 56 млн теңгенің сметасы дайындалып, бюджеттік өтінім тапсырылды. 56 млн теңге бөлінсе, мәселе шешіледі.

Ауылдықтардың мәселесі нақты қашан шешілері белгісіз. Бүгінде Тұрар Рысқұлов ауданындағы 42 елді мекенінің 32-іне су тартылған. Ал 100% үшін жауаптылар тағы 2 жыл қажет деп отыр. 

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.