Оралда өртенген тұрғын үйден қарияның мүрдесі табылды

Елімізде есіркті заттарын сатып, пайдаға кенелуді көздейтіндер қатары азаймай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Героин саудасын қыздырған сондай күдіктінің бірі Жамбыл облысында ұсталды. Ал Қызылорда өңірінде боранда адасқан ауыл тұрғыны құтқарушылар көмегімен табылып, аман-есен үйіне оралды.

ЕСІРТКІ САТУМЕН АЙНАЛЫСҚАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Жамбылдық полицейлер геройн сатумен айналысқан күдіктіні қолға түсірді. Жедел-іздестіру шаралары барысында Қордай ауылының 57 жастағы тұрғынынан салмағы 570 грамм болатын есірткі табылған. Тексеру барысында оның бұрын да аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтау бойынша істі болғаны анықталды. Күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.  

14 КЕЛІДЕН АСТАМ ЕСІРТКІ ЗАТЫ ТӘРКІЛЕНДІ

Петропавлда да 57 жастағы Қызылжар ауданының тұрғынынан 14 келіден аса есірткі заты тәркіленді. Күдікті жедел іздестіру шарасы барысында ұсталды. Тінту кезінде «Volkswagen» көлігінен оралған қап табылды. Сараптама нәтижесінде оның кептірілген марихуана екені расталды. Күдікті бұрын да бірнеше мәрте істі болған. Жалпы өткен 2020 жылы облыста заңсыз айналымнан 462 келіден аса түрлі есірткі заты тәркіленген.

Руслан Үмбетов, Облыстық Полиция департаменті басқармасының аға жедел уәкілі:
Тексеру кезінде багаждан үш полителень пакет салынған қап табылды. Алынған зат кептірілген марихуанна болып шықты. Салмағы – 14 келі 540 грамм. Осы факті бойынша ҚР ҚК 296 бабы 4 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

ТҰРҒЫН ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҚТЫ

Оралда тұрғын үйден шыққан өрт орнынан 89 жастағы қарияның мүрдесі табылды. Тілсіз жаудан 4 пәтерлі тұрғын үйдің қос пәтері зардап шеккен. Қазір оқыс оқиғаның себептері анықталып жатыр. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 29 өрт оқиғасы тіркелген. 

КӨЛІК ІШІНДЕ ҚЫСЫЛЫП ҚАЛҒАН ЖҮРГІЗУШІ ҚҰТҚАРЫЛДЫ 

Жезқазған қаласында ТЖД қызметкерлері жол-көлік апатына ұшыраған жүргізушіні құтқарды. Оқыс оқиға кезінде қос жеңіл көлік соқтығысқан. Көлік шанағына қысылып қалған адамды алып шығу үшін гидравликалық арнайы құралдар пайдаланылды. Түрлі дене жарақатын алған жүргізуші Жезқазғандағы орталық ауруханаға жеткізілді.    

БОРАНДА АДАСҚАН АЗАМАТ ТАБЫЛДЫ

Қызылорда облысында боранды күні адасып кеткен ауыл тұрғыны аман-есен табылды. Жоғалған азамат жөнінде Ақмая ауылындағы туыстары полицияға хабарлаған. 3 сағат бойы жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде зейнеткер Бидайкөл ауылы маңынан табылды. Бұдан бөлек, аймақта күн райының күрт бұзылуына байланысты жолда қалған 6 көліктің жолаушылары да аман-есен құтқарылды. 

Нұрбол Үсенбеков, Шиелі аудандық Полиция бөлімінің инспекторы:

– Бұл уақытта полиция қызметкерлері оқыс оқиғалардың алдын алу үшін тәулік бойы патрульдеу және бақылау жүргізу жұмыстарын күшейтті. Өз кезегінде ағасының аман-есен табылғанына қуанған азаматша тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

АҚТӨБЕДЕ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ КӨПШІЛІКТІ ДҮРЛІКТІРДІ

Белгісіз бұзақы Ақтөбедегі нөмірі 51 мектеп-гимназиясы оқушылары мен ұстаздарын дүрліктірді. Аталмыш оқу ордасы ғимаратына «жарылғыш зат қойылды» деген ақпарат түскен. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары мен құтқарушылар 550-ге жуық адамды қауіпсіз жерге шығарды. Ғимаратты саперлер толығымен тексергенімен, ешқандай күдікті зат табылмады. Айта кету керек, соңғы он күн ішінде дәл осындай жағдай бұл мектепте екінші рет қайталанып отыр. Қаңтар айының 18-і күні белгісіз біреу мектеп поштасына ескерту хатын жолдаған. Ол кезде де тәртіп сақшылары 600 адамды эвакуациялады. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша қос дерек бойынша да тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әзірге күдікті табыла қойған жоқ.