Ақтауда 63 жастағы дүкеншінің ақшасын тартып алғандар ұсталды

Ақтауда 63 жастағы дүкен сатушысын қорқытып, 80 мың теңгесін тартып алған 36 және 40 жастағы күдіктілер ұсталды. Олар сондай-ақ 85 қорап темекіні де іліп кеткен. Жедел іздестіру барысында полицейлер сезікті азаматтардың үйінен айғақ заттарды тәркіледі. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалып, тергеу жұмыстары басталды.

Қызылордада заңсыз дискілерді сатумен айналысқан 34 және 35 жастағы азаматтар ұсталды. Олар ұзақ уақыттан бері қала базарларында лицензиясыз көшірілген аудио-, видеоөнімдерді саудалап келген. Тінту жүргізген полицейлер 71 DVD диск тәркіледі. «Контрафакт» жедел алдын алу іс-шарасы барысында ұсталғандар авторлық құқықты бұзғаны үшін сот шешімімен 160 АЕК мөлшерде айыппұл төлейді немесе 160 сағаттық  қоғамдық жұмысқа тартылады.