Семейде жер үйде өрт шығып, екі адам көз жұмды

Семей қаласында жер үйде өрт шығып, екі адам қаза болды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 3 наурызда сағат 05:00 шамасында Белибаев көшесіндегі жеке тұрғын үй отқа оранған. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер үй ішінен 2 газ баллонын алып шықты.

«Жалын шарпыған жалпы аумақ 180 шаршы метрді құрады. Барлау жүргізу барысында бөлмеден 1946 жылғы үй иесі мен оның 1976 жылғы ұлының денесі табылды», - делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына отпен абайсыз әрекет ету, пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау немесе электр жабдықтарының апаттық режимде жұмыс істеуі себеп болуы мүмкін.