Қарағандыдағы көп қабатты үйде газ баллоны жарылды

Қарағандыдағы көп қабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, бір адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Жарылыс бесінші қабаттағы бір бөлмелі пәтерде болған. Дәрігерлердің айтуынша, 27 жасар азаматтың денесінің 45 процентін күйік шалыпты. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Ақтау қаласындағы базарлардың бірі түнде өртке оранды. Қызыл жалын 300 текше метр аумақты шарпыған. Әсіресе жеміс-жидек сататын сауда орындарының қожайындары көп шығынға батқан. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Өрт себебі анықталып жатыр.   

Талдықорған қаласында мейрамхана қожайындарынан ақша бопсалап келген алаяқ қолға түсті. 27 жасар азамат өзін мемлекеттік қызметкер деп таныстырып, дәмханалардағы санитарлық жағдайды тексерген. Соңынан айыппұл салмау үшін қожайындарынан пара талап еткен. Осылайша бірнеше кәсіпкерді алдап кеткен. Бірақ көп ұзамай тәртіп сақшылары оның бұл құйтырқы әрекетін әшкере қылды.  

Алматы-Өскемен тас жолында жүк көлігінің тіркемесі өртеніп кетті. Түтіндеп бара жатқан машинаны ең әуелі өзге жүргізушілер байқап, белгі берген. Жүк көлігі тоқтап, тіркемені ағытып үлгерді. Өрт сөндірушілер жеткенше біраз бөлігі жанып кеткен. Жалпы жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 45 көлік өртеніпті.  

Жамбыл облысының тәртіп сақшылары ірі көлемде есірткі тәркіледі. Жедел іздестіру шаралары кезінде Шу қаласындағы 31 жасар тұрғынның үйінен үш жарым келі кептірілген марихуана табылған. Қазір күдікті қамауға алынды. Енді ол 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.