ШҚО-да мектепте уланғандар саны 127-ге жетті

Естеріңізде болса, екі апта бұрын мұнда 16 оқушы іш өту, құсу, жүрек айну сынды белгілермен дәрігердің көмегіне жүгінген еді.

Қазір олардың саны сегіз есеге артқан. Арасында тіпті 6 ересек адам да бар. Улану дерегі тіркелген күннен бері карантинге жабылған мектеп 2 сәуірден бастап жұмысын бастайды. Бірақ білім ошағының ішінде асхана әлі ашылмайды. Балалар тек арнайы құтыға құйылған ауыз су құрылғысынан бір реттік ыдыспен су ішеді. Өйткені жұқпалы дерттің неден таралғаны әлі күнге беймәлім. Мұнымен қатар станционарлық және амбулаториялық ем қабылдаған балаларға дезинфекциялық құралдар мен киім-кешек, азық-түлік сынды керек-жарақтар сатып алынған. Ал ауруханаға жатқызылған балалардың барлығы дерлік сауығып шығып жатыр.

Ермек Омарбеков, облыстық «Ана мен бала орталығының» бас дәрігері:

– Ауруханаға 62 бала түскен болатын. Олардың басым көпшілігіне дизентерия диагнозы қойылды. Жағдайлары жеңіл және орташа ауыр деңгейге дейін болды. Қазіргі күні 55 баланың денсаулықтары жақсарып, бұл жерден шығарылды. Енді 7 бала ем қабылдап жатыр, олар да алдағы бір-екі күнде шығып қалады. Ал дизентерия – лас қолдан тарайтын ауру. Сондықтан ең бастысы қолды сабынмен жуып, тазалық шарасын сақтаса екен дейміз.