ШҚО-да қатты жел тұрып, үш қабатты ғимараттың шатырын ұшырған

Өскеменде соққан қатты желдің екпіні жалпы ауданы 1800 шаршы метр ғимаратқа зақым келтірген, деп хабарлайды «Хабар 24» облыстық  Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтеншеліктердің айтуынша, бүгін шаһарда жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін жел тұрып, 30-шы Гвардиялық дивизия көшесіндегі көп қабатты ғимараттың шатырын ұшырып әкеткен. Түрлі мекеме кеңселері орналасқан нысанның жалпы ауданы 1800 шаршы метр.

«Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Сол жерде жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған комиссия жұмыс істеп жатыр», - делінген ақпаратта.

Төтеншеліктер  осыған дейін өңір жұртшылығына дауылды ескерту жариялаған болатын. Қандай да бір қиындыққа тап болған тұрғындар «112» нөміріне хабарласулары қажет.