Петропавлда ұры ұрлық жасап жатып ұйықтап қалды

Петропавлда көлік тонап жүріп, қылмыс орнында ұйықтап қалған ер адам ұсталды.

Көзі ілініп кеткен қала тұрғынын автокөлік иесі көріп оятқан. Ол ашық тұрған көлікке жылынуға отырдым деп қашып құтылмақ болады. Бірақ жүргізуші қымбат құралдары мен автомагнитоласының ұрланғанын байқап, полицияға хабар берген. Көше бақылау камералары көрсеткендей, күдікті ол заттарды таксиге салып жіберіп, өзі көлікке қайта оралып ұйықтап қалған. Сараптама қорытындысы бойынша оның мас екені белгілі болды.

Нұрбек Баекин, облыстық ПД баспасөз қызметінің инспекторы:

- Жедел басқару орталығының инспекторлары қала жолдарында таксиді тауып алды. Мекен-жайға жеткенше оны патрульдік полицейлер тоқтатты. Ұрланған мүліктер тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Күдікті бұрын сотталған 39 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бары анықталды.