Алматы облысында жол апатынан үш жасөспірім қаза тапты

Көлік рөлін Көктал ауылының 15 жастағы тұрғыны басқарған.

Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Панфилов ауданындағы Әулиеағаш ауылының маңында Nissan Cefiro көлігі аударылғанын хабарлады. «Көлікті Көктал ауылының 15 жастағы тұрғыны басқарған. Көлік Көктал – Әулиеағаш тасжолында аударылған. Оқиға орнында жүргізуші мен 14-15 жастағы екі жолаушы қаза тапты. Тағы екі жасөспірім түрлі жарақаттармен орталық аудандық ауруханаға жатқызылды», – делінген хабарламады.

Жол көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345 бабының 4 бөлігінде көзделген қылмыстық іс қозғалды.

Көлікті басқаруға құқығы жоқ кәмелетке толмаған жүргізушіге жол берген көлік иесіне қатысты ҚР ҚК 349 бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.