Балқашта балық қырылды

Қаратал өзенінің Балқаш көліне құяр тұсында балық қырылып жатыр. Балықшылардың бірі мына бейнежазбаны қайық есіп келе жатып түсіріп алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, тонналап өлген табан балықта есеп жоқ. «Табиғат қорғау прокуратурасы көл жағасына келіп, жағдайды неге тексермейді?», – деп ашынды балықшы. Осыдан кейін Балқаш – Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшылығы мәлім еткендей, қазір арнайы мамандар табиғат қорғау прокуратурасы өкілдерімен бірге балықтардың неден қырылғанын анықтау үшін Балқаш көліне аттанып кеткенін жеткізді.

Балықшы:

Мынау не деген сұмдық! Айтуға келе ме, мынаның бәрі? Мынандай сұмдықты көрдіңіздер ме? Табиғат қорғау прокуратурасы не қарап отыр бұл жерде? Адам түсінбейді! Бір жағаға келмейді. Біреуі келмейді.

Алмат Суюбаев, Балқаш – Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

– Балық қырылу факті бойынша тиісті комиссия кеше құрылды. Бұл комиссияның құрамына жергілікті әкімдік, экология департаментінің және табиғат қорғау прокуратурасымен Балқаш – Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері кірді. Қазіргі таңда бұл комиссия жұмыс жасауда. Жұмыстың нәтижесі шыққанда толық ақпаратты ұсынамыз.