Биыл елімізде 152 бала жолда опат болды

2649-ы жарақат алған. Бұл өткен 8 айдағы жағдай. Ішкі істер министрлігінің дерегі осындай. Мамандар жол бойында көлік көбейіп, қауіп артқанын айтып, балаларды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды «хабар 24».

Оралдағы оқыс оқиға. Ассенизатор көлігінің жүргізушісі 3 оқушының қағып кеткен. Жантүршігерлік оқиға қаладағы №30 мектеп маңында болған. Қазір жасөспірімдер балалар ауруханасында ем алып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша оқушылардың екеуі басынан жарақат алған. Ал үшіншісінің ортан жілігі сынған. Қазір Полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Ведомствоның хабарлауынша, үш оқушыны қағып кеткен көлік жүргізушісі есірткі қолданған.

Мирхат Әженов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

– Аталған оқиға бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚК 345-бабы, 1-бөлігі бойынша  сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Жыл басталғалы бері 37 жол-көлік оқиғасынан балалар зардап шекті. Атап айтқанда, 9 бала көз жұмып, 40 бала түрлі дене жарақатын алды.

2 БАЛА МЕРТ БОЛДЫ

Ал Павлодар облысындағы тас жолда болған апаттан 2 бала ОПАТ болды. Оның кішісі 6, үлкені 14 жаста. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жолаушылар отырған көліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан жол жиегіне аударылыпты.Жол-көлік оқиғасы Қызылорда-Павлодар тас жолында болған.

Жасқайрат Қайыров, облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары

Қызылорда-Павлодар» тас жолының Достық ауылының қасында 31 жастағы «Тойота» жүргізушісі рульді басқара алмай, жол жиегіне аударылды. Салонның ішінде 11 адам болды, соның ішінде алтауы кәмелетке толмаған. Бесеуі ересектер. Олар бір-бірімен туыс болады. Қазір тексерулер жүргізіліп жатыр.

ЖОЛДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ КҮШЕЙТУ

Балалардың қатысуымен тағы бір жол апаты Алматы облысындағы Жаңалық ауылында болған. Бұнда темір тұлпар тізгіндеген азамат 10 жастағы оқушыны қағып кеткен. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Бұл жағдайдан кейін ауыл тұрғындары жолды жауып тастауға шыққан. Талап бір – қауіпсіздікті күшейтіп, бағдаршам орнату. Ал ішкі істер министрі Марат Ахметжанов болса, ата-аналар мен жолда жүйіткейтін жүргізушілерге ережелерді сақтауға шақырды.

Марат Ахметжанов, ҚР ішкі істер министрі:

– Жүргізушілер жылдамдық режимін сақтауға және жол белгілеріне назар аударуға міндетті. Өз кезегінде ата-аналар баласына жол қозғалысын қарапайым ережелерін түсіндіруі керек. Мүмкін бүгінше кішкентай балаларды шығарып салып, күтіп алыңыз. Тек бірлесіп қана, біз өскелең ұрпағымыздың Қазақстан болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынымызды ұмытпауымыз керек.

Жалпы Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша биыл 8 ай ішінде балалардың қатысуымен 2 мың 208 жол-көлік оқиғасы болған. Апат салдарынан 152 бала опат болған.

Авторы: Риат Шони