Ақтөбеде мектептің 42 оқушысына манту сынамасының орнына БЦЖ екпесі жасалған

Әрі әдеттегідей иыққа емес, білекке беріліпті. Салдарынан вакцина алған балалардың қолы әлі толық жазылмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы жайтқа орай қазір прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Ал, Денсаулық сақтау басқармасы құрамында білікті дәрігерлері бар комиссия құрған. Анықталғандай, №74 мектептің 1-сынып оқушыларына екпе 13 қыркүйек күні салынған. Бұл талапқа сай жүргізілуі тиіс ревакцина. Бірақ білім ұясында қызмет ететін бірнеше медицина қызметкері алдымен манту сынамасын жүргізіп, бақылаудың орнына қателесіп туберкулез ауруының алдын-алуға арналған БЦЖ вакцинасын жасаған көрінеді. Бірақ мамандардың қалайша жаңылысқаны түсініксіз. Нақты жауабы тергеу барысында анықталмақ. Мектептің бірінші сыныбында 61 оқушы бар. Оның 11-іне ата-анасы екпе салуға рұқсат бермеген және тағы сегізінің медициналық тексеруден соң екпе алуға болмайтыны анықталған. Нәтижесінде, 42 балаға вакцина салынған. Көп ұзамай екпе салынған жер қызарып ісіп, іріңдеп кеткен. Облыстың бас дәрігері оқушылардың денсаулығына ешқандай қауіп болмайтынын айтуда. Таяу күндері толық жазылады дейді. Қазір балалар иммунолог, инфекционест секілді мамандардың бақылауына алынған. Ал, мектепке мемлекеттік тапсырыс аясында жеке емхана қызмет көрсетіп келеді. Осы жайттан кейін енді білім ұясы оның қарамағынан алынбақ.

Рүстем Исаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Дәрігер 41 жыл стажы бар педиатордың, медсестра 34 жыл стажы бар. 3 жыл осы мектепте жұмыс жасайды. Сондықтан біздер енді ешқандай неге қарамастан, бірінші осы дәрігер мен медбикені жұмыстан босатамыз.

Райхан Қойшанова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Біздің департаменттен медициналық мекемеге қатынасты тексерістер басталды. Ол бойынша тиісті шаралар қолданады. Құқықтық органдарға барлық материалдар жолданады.