Сайлау тәуелсіз байқаушылардың назарында

Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі, оны бейпартиялық байқау штабының мамандары қадағалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде бұрын-соңды мұндай орталық болмаған. Кәсіподақтар федерациясы мен Азаматтық альянс өкілдерінің күш біріктірумен құрылған ұйым бір ай бұрын ашылды. Оған 20 мыңдай адам мүше. Арнайы даярланған тәуелсіз байқаушылар таңнан бері сайлау бөлімшелеріндегі жағдайды саралап, кемшіліктерге жол берілмеуін назарда ұстауда.

Нұрлан Өтешев, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:

- Бүгінде Кәсіподақтар федерациясының 7 мыңнан астам байқаушысы өз учаскесіне шығып, сағат 07:00-ден жұмысына кірісті. Сағат 09:00-ге таман бүкіл облыстық штабтардан республикалық штабымыз ақпаратты жинақтап болған болатын. Сайлау процесіне әсер ететін бұзушылықтар анықталған жоқ.