Қазақстан мен Қырғызстан бірқатар салада ынтымақтастық туралы келісті

Қазақстан мен Қырғызстан болашақта экономикалық ынтымақтастықты арттырып, гуманитарлық байланысты нығайтады әрі аймақтық қауіпсіздікті ширата түседі деп мәлімдеді Қазакстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бішкекке жасаған ресми сапарында.

Қазақ елінің 2005 жылдан бері Қырғызстанға салған тікелей инвестиция көлемі бір миллиард доллардан асты. Көрші мемлекеттің сыртқы сауда айналымында Қазақстан үшінші орында тұр. Бірлескен кәсіпорындар, шекаралық сауда-саттық, инфрақұрылымдық жобалардың жұмысын реттейтін 158 екі жақты келісімге негізделген құқықтық база жасалды. Ол яғни ТМД елдері бойынша ең ірі нарықтың бірі саналады. Қырғызстандық әріптесімен келіссөз барысында еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді тараптар арасындағы байланысты одан әрі нығайту жөнінде айтты.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Көлік коммуникациясы саласында зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Шекарадағы өткізу бекеттері жыл өткен сайын жетіліп келеді. Бұл екі мемлекет арасындағы жүк тасымалын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Арадағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізуге бағытталған түрлі ортақ жобалар іске асырылып жатыр.

Келіссөз қорытындысы бойынша мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтатын тағы бір құжатқа қол қойылды. Ол сот-сараптамалық қызмет саласына қатысты. Құжат қос мемлекеттің тиісті сектордағы сарапшыларының өзара әрекет етіп, тәжірибе алмасуын көздейді. Тараптар сондай-ақ аймақтық қауіпсіздік мәселесін де талқылады. Мысалы, жуырда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында орын алған қарулы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы айтылды.  

Руслан Казакбаев, Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі: 

- Орталық Азия өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздікты нығайтуға қатысты аймақтық кооперация бойынша ұстанымдарымыз ортақ. Аймаққа лаңкестік ұйымдар мен заңсыз топтардың келуін әрі ықпал етуін болдырмау үшін және экстремистік әрекеттерге жол бермеу мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасын нығайтудың маңыздылығына тоқталып өттік. 

Эпидемиологиялық шектеулерге қарамастан биыл Қырғызстанда Қазақстан мәдени күндерін өткізу жоспарланып отыр. Болашақта Нұр-Сұлтанда Манас, ал Бішкекте Абай ескерткішін орнату жоспарда бар.  

Автор: Бакыт Чермашев