Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізін құтқару мәселесін талқылады

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Өзбекстанға барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғарғы Палата спикері бүгін өзбекстандық әріптесі, Олий Мәжіліс Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.

Нақтырақ айтқанда, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, Арал теңізін құтқару жөніндегі бірлескен жұмыстар мен оның экожүйесін сақтап қалу сынды өзекті тақырыптар қаузалды.

Риат Шони, тілші:

- Бұл Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың шетелге жасаған алғашқы ресми сапары. Бірінші кезекте бауырлас Өзбекстан мемлекетіне ат басын бұру екі ел достастығының айқын көрінісі. Ташкентке келе сала ең әуелі Сенат спикері «Тәуелсіздік және гуманизм» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Қазақстан Өзбекстанның Орталық Азия төңірегіндегі ең ірі әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Әріптестік сан салада дамыған. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесу барысында бұл ынтымақтастықты Парламенттер арқылы қолдау да аса маңызды екендігін айтты. Сондай-ақ Жоғарғы палата спикері екі елдің Сенаттары арасында арнайы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия құрылғанын тілге тиек етті. Оның жұмысы бүгінгі сапар аясында бастау алды. Сондай-ақ тараптар 2021-2022 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды. Маңызды құжатқа Арал теңізін құтқару жөніндегі бірлескен жұмыстар мен оның экожүйесін сақтап қалу мәселесі де енгенін ерекше атап кету керек. Кездесу барысында Сенат төрағасы екі елдің өңіраралық ынтымақтастығы әлеуетін толық пайдалану да аса маңызды екеніне тоқталды. Яғни, қос елдің Сенат депутаттары аймақтарда кездесулер өткізіп, жергілікті жерлердегі сұрақтарды бірлесіп шешпек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Сауданың, өзара инвестицияның, өнеркәсіптік кооперацияның үлкен көлемі дәл біздің облыстарға тиесілі. Өңіраралық ынтымақтастықты қолдау мақсатымен өңірлерде қазақстандық және өзбекстандық сенаторлардың кездесулерін өткізуді ұсынамыз. Оған жергілікті өкілді органдар депутаттарының да қатысуы маңызды.

Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы:

- Келіссөздер барысында біз Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық байланысына баса мән бердік. Біз аймақтар арасында келісілген бірлескен жобаларды жүзеге асыруды белсенді дамытуды келістік. Бұдан өзге екі ел парламенті халықаралық және аймақаралық парламенттік ұйымдар аясында жұмысты күшейтуді де мақұлдады. Бұл келісімдер Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын одан әрі нығайтады деген сенімдемін. Өзбекстан ары қарай да Қазақстанның сенімді серіктесі болады деп айта аламын.

Бұдан бөлек, тараптар цифрлық технологиялар, туризм және білім беру салалары жөніндегі маңызды мәселелерді де қаузады. Сенат төрағасы ресми сапарының екінші күні, яғни ертең Өзбекстан Республикасы Олий Мажілісінің заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоиловпен кездесу өткізіп, ел Президенті Шавкат Мирзиеёвтің қабылдауында болады деп жоспарланған.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов