Асқар Мамин Еуроодақ елшілерін ынтымақтастыққа шақырды

Елде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы бүгін үкімет басшысы Асқар Маминнің Еуроодақ елшілерімен кездесуінде айтылды.

Тараптар жаңартылатын энергия көздерін дамыту, төмен көміртекті экономикаға көшу, декарбонизация процесіндегі ынтымақтастық мәселелерін қозғады. Былтыр желтоқсанда Климаттық өзгерістер жөніндегі әлемдік саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсаты туралы жариялаған болатын. Яғни энергия өндірісінің жалпы көлемінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру бойынша межелі міндеттерді атады. Үкімет басшысы бұл көрсеткіш былтыр 3 процент болса, 2030 жылға қарай 15 процентке жететінін айтты. Сондықтан жаңа жоба аясында қолжетімді әрі таза энергияға қол жеткізу көзделіп отыр. Асқар Мамин жиын барысында Еуропалық елшілерді өзара ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.