Қызылорда облысында жұмыссыз жүрген үш адам әкім атанды

Қызылорда облысында уақытша жұмыссыз жүрген 3 адам әкім атанды. Бұған дейін де елді мекенге жетекшілік етіп келген 22 кандидат жылы орнын суытпай орындарына қайта жайғасты.

Жалпы су жаңа 40 ауыл әкімінің 5-еуі өзін өзі ұсынған болса, қалғаны саяси партиялардың атынан түскен. Сырбойылықтардың сайлауға қатысу көрсеткіші 83,6%. Бұл ретте Арал ауданының электораты белсенділік танытса, жаңақорғандық сайлаушылардың жартысы ғана халықтық таңдауға қатысқан. Облыстық сайлау комиссиясына дауыс беруге қатысты арыз-шағым түспеген. Дегенмен, алғаш өткізілген ауылдық округ әкімдер сайлауын ұйымдастыру барысында бірқатар қиындық туындаған. Әсіресе комиссия мүшелері үміткерлердің құжаттарын тіркеу, тексеру және заңнамаға сәйкестігін анықтау кезінде мәселелерге тап болған.

Ғалым Баймырзаев, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бүкіл арнайы тексеру ҰҚК өту үшін үй іші, туыстарының құжаттарын жинау керек. Оның бәрін толтырту керек. Оған комиссия мүшелерінің деңгейі жетпейді. Соған сәйкес, біз сарапшы ретінде әкімдіктің кадр жөніндегі мамандарын тарттық.  

Болат Нақыпов, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Сайланған әкімдерінің ішінде ғылыми дәрежесі бар немесе «Болашақ» түлегі болып табылатындар жоқ. 7 сайланған әкімнің екеуінің жоғарғы білімі бар. Орташа жасы 46 жасты құрайды. Ең жасы 27 жаста, ең үлкені – 62 жаста. Ұлттық құрамы бойынша барлық сайланған әкім қазақ.