Қазақстанның мемлекеттік секторын Ресей компаниясының цифрландыруы туралы сауалға Мусин жауап берді

Қазақстандықтардың жеке деректері ресейлік платформа арқылы таралмайды.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Atameken Business Channel» арнасына берген сұхбатта айтты.

Сөзінше, ақпараттың қауіпсіздік талаптарының барлығы сақталады. Бастапқы кодтарды ашу туралы келісім де жасалады. Сондай-ақ министр мәліметтер қоры Қазақстанның қорғалатын аймағында орналасатынын және ресейлік мамандардың оларға қол жеткізе алмайтынын айтты.

Еске салайық, қыркүйек айының басында Премьер-министр Асқар Мамин мен «Сбербанк» басқарма төрағасы Герман Греф ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, ресейлік компания Қазақстанда мемлекеттік секторды цифрландыру жобаларын жүзеге асыруға қатысады.