Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Қазақстан жайлы қытайлық тілшінің естелігі

Қытайдың бас газеті «Жэньминь Жибаоның» Қазақстандағы тұңғыш тілшісі Инь Шугуан елімізде жұмыс кезіндегі естеліктерімен бөлісті.

Ол 1994-жылы басылымының бөлімін ашу үшін Алматыға келген болатын. Инь Шугуан Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Қазақстанның Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарын еске алды.

Инь Шугуан, «Жэньминь Жибао» газетінің Қазақстандағы тұңғыш тілшісі:

– Қазақстан халқын Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Әрине бұл тарихи оқиға. Жолым болып, Тәуелсіздіктің ең қиын алғашқы жылдарында елдеріңзде жұмыс істедім.

Қытай тілшісі Қазақстанға жұмыс істеуге 1994 жылы келген болатын. Сол кезде дүкендерде тауар тапшы болғанын және жарықтың жиі сөнетінін еске алады. Газдың қысымы аз болғандықтан, тамақты сағаттап дайындауына тура келген. Ал қыста пәтерде кейде температура 10 градусқа дейін төмендейтін, - дейді.

Инь Шугуан, «Жэньминь Жибао» газетінің Қазақстандағы тұңғыш тілшісі:

– Қазақстанда болған 4 жылда жергілікті достар мен жолдастарыммен бірге әрине қиындықты да, қуанышты да бірге бастан өткердік. Бірақ үш-төрт жыл өткеннен кейін жағдай біртіндеп жақсарды. Халықтың да болашаққа сенімі қалпына келді. 

Сол кезде Интернет болмағандықтан, ақпаратты газеттерден жинауға тура келді. Инь Шугуанға «Панорама», «Деловая газета», «Караван» мен «Казахстанская правда» басылымдары ұнаған екен.

Инь Шугуан, «Жэньминь Жибао» газетінің Қазақстандағы тұңғыш тілшісі:

– Нұрсұлтан Әбішұлы апта сайын өзі баспасөз маслихаттарын өткізгені есімде қалыпты. Және оған кез-келген сұрақ қоюға болатын.

Инь Шугуан жергілікті тұрғындармен жақын араласып, осы уақытқа дейін Қазақстандағы достарымен байланысып тұрады. Жұмыс бабымен еліміздің өңірлері мен Орталық Азияның өзге елдерін автокөлікпен аралап, 70 мың шақырым жолды жүріп өткен. Тап сол кезде ел астанасы да ауысқан болатын. Сол кезде көбі бұл өзгеріске күмәнмен қарағанын айтады. Алғаш рет ол Ақмолаға 1995 жылы, ал соңғы рет Нұр-Сұлтанға осыдан үш жыл бұрын барып қайтыпты.

Инь Шугуан, «Жэньминь Жибао» газетінің Қазақстандағы тұңғыш тілшісі:

– Өзім бұған сенген жоқпын. Шынын айтсақ, ақпарат құралдарыңыз бұған қарсы талай сауал қозғаған еді. Шенеуніктердің көбі суық деп жаңа астанаға көшкісі келмеді. Мен де мақала жазып, оқырмандардың күмәнімен бөлістім. Бірақ 2010 жылы және осыдан үш жыл бұрын Нұр-Сұлтанға барғанда, қатты таңырқадым. Есіл өзенің қос жағалауында саябақтар мен зәулім ғимараттар бой көтерген екен. Жергілікті тұрғындардың жағдайы жақсы екенін жүздерінен аңғардым.

Қазір Инь Шугуан халықаралық сарапшы болып жұмыс істейді. Негізінен Орталық Азия елдеріне маманданған. Сондай-ақ, кітап жазуды аяқтап жатыр. Бұл -Қазақстан мен Орталық Азияда жұмыс істеген Қытай тілшілері шығармаларының жинағы. Бұл мақалалар тарихи сырларды ашып, халықтар арасындағы мәдени байланыстарды баяндайды. Әзірше бұл туындысын Еуразия кіндігінен жаңғырық деп атаған.

Инь Шугуан, «Жэньминь Жибао» газетінің Қазақстандағы тұңғыш тілшісі:

– Бұл мақалаларда өткен кезең сипатталған. Менің ойымша, бұл өте маңызды іс, өйткені жас буын мұны білмейді. Газсыз өмір сүру мен тауар тапшылығы деген ұғымдарды түсіне бермейді. Мұның бәрі аспаннан түскен жоқ.

Инь Шугуан Қазақстанда жазған жүздеген мақаласын әлі күнге дейін сақтап отыр. Күнделікті жұмысында қолданып, сұхбаттарын жазған қойын дәптерлері де қалған. Әлі күнге дейін қазақ халқының қонақжайлылығы мен мейірбандылығын ұмытпаған.

Ботагөз Сырғабаева, Владимир Грабарь