Қазақстан ТМД-ға төрағалықты қабылдады

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Беларусьтен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалықты қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін 2021 жылғы қарашада Тәуелсіз мемлекеттер достастығы үкіметтерінің басшылары кеңесінің отырысында ТМД шеңберіндегі өзара экономикалық іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланған еді. Отырыс қорытындысы бойынша ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық және сабақтас құқық объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім қабылданды. Мемлекеттердің инновациялық ынтымақтастығының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары, 2022 жылы ТМД-да халық шығармашылығы мен мәдени мұра жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары, 2030 жылға дейінгі «1520 кеңістікте» теміржол көлігін стратегиялық дамыту тұжырымдамасы бекітілді. 2022 жылы ТМД-ға Қазақстан төрағалық етеді. ТМД үкіметтерінің басшылары кеңесінің келесі отырысын 2022 жылы мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланған.

ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 60 отырысы да 2022 жылы Қазақстанда өтеді. 28 желтоқсанда Санкт-Петербургте ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуінде 2021 жылғы өзара ықпалдастықты қорытындыланып, алдағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және дамыту, сондай-ақ экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ортақ жоспар талқыланды.