Бітімгерлердің алғашқы легі елден шықты

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бітімгерлерінің алғашқы тобы ел аумағынан шықты. Бірінші болып Ресей Федерациясының әскери құрамы өз еліне аттанды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қаңтардың 20-сына дейін Алматы әуежайынан шамамен 100 әуе рейсі қозғалады деп жоспарланған. Жалпы 5 елден келген контингент ішінде 2 мыңнан астам сарбаз және 250 әскери техника бар.

Бұл Алматының әуе айлағында ұшуға дайын тұрған ұшақтар. Көбі «Ил-76» маркалы әуе техникасы. Ел аумағынан шығатын бітімгерлердің алғашқы легінде – ресейліктер. Аталған бітімгершілік миссия жасағы және ауыр әскери техника саны жағынан да үлкен құраммен келді. Бірақ күмәннің бәрі артта қалған сияқты. Әу баста айтылған сөз құрғақ уәде күйінде қалған жоқ. Жігіттер көмекке уақтылы келді, уақтылы кетіп бара жатыр.

Станислав Зась, ҰҚШҰ бас хатшысы:

– ҰҚШҰ бітімгерлік күші жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Бауырлас елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттің тұтастығын сақтауға көмек көрсеттіңіздер. Кәсібиліктеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз арқылы ұйымға мүше елдердің төнген қатерге бірлесіп қарсы тұра алатынын көрсете білдіңіздер. Қазақстанда жағдай тұрақталды. Операция барысында өзара іс-қимылды үйлестіру бойынша мол тәжірибе жинадық. Қазақстан тарапының шешімімен әскерлер шығарылып жатыр.

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше басқа да елдердің бітімгерлері әзірге Алматы қаласында қала тұрады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Беларусь Республикасының бітімгерлері қазір Алматы қаласынан солтүстікке қарай шамамен 50 км жердегі Жетіген аулындағы әскери аэродромда. Олар елге келгелі бірнеше күн бойы аталған стратегиялық нысанды күзетті. Сол жақтан да елдеріне ұшып кетеді.

Орталық штаб Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтының аумағында орналасқан. Күндіз орталық штабта салтанатты шара өтті. Онда ерекшеленген әскерилер мен басшылық құрам наградталды.

Андрей Сердюков, ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштерінің қолбасшысы, генерал-полковник:

– Бітімгерлік күштің жігіттері иық тірестіріп, бауырлас қазақ елінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете білді. Террористердің конституциялық тәртіпті бұзып, ел іргесін сөгуіне жол берілген жоқ. Қысқа мерзімде азаматтарды өмірін қорғауға өз үлестеріңзді қоса білдіңіздер. Жеке құрамға алғыс айтамын. Бітімгерлік күштің операциясы сәтті аяқталды.

Еске салайық, Алматыдағы антитеррористік операция 6 қаңтарда басталған еді. Операцияны жүргізуге тек қазақстандық күштік құрылымдар қатысты. Ал Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерилері маңызды стратегиялық нысандарды қорғады. Кешеден бері сол мекемелер біздің сарбаздарға тапсырылып жатыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ұлан Нарынбек, Арман Ақшабаев