Ірі инвесторлармен келіссөз жүріп жатыр –СІМ

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елдегі инвестициялық ахуал бойынша жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дипломаттар бүгінге дейін 700 ірі компания өкілдерімен келіссөз жүргізді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, ведомство алдында үлкен міндеттер тұр. Қазақстан инвестициялық міндеттемелерін тұрақты орындайды. Мысалы, бүгін министрлікте «Эксон-Мобил» компаниясының өңірлік директорымен кездесу өтті. Бұл ірі мұнай корпорациясы Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында елімізге 22 млрд доллар инвестиция құйған.

Алмас Айдаров, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Инвесторлар кеңесінің мүшелері барлық компаниямен кездесу өткізіп жатыр. Олардың саны 30-ға жуық.  Шетелдегі елшілеріміз компаниялардың бас кеңселерінің өкілдерімен кездеседі. Мысалы, «Эксон Мобил» сияқты ірі компаниялар жаһандық деңгейде қарайды. Олар тек Қазақстандағы жағдайды ғана емес, айналамыздағы ахуалды да талқылайды. Бізде бар сандарға келсек, Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар өсімі 50% боп отыр.