Ақмола облысында бүгін 11 ауылға жаңадан әкім сайланады

Ол орындарға 38 адам үмітті. Ал кандидаттардың 80 проценті өзін-өзі ұсынғандар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дамир Берікұлы, тілші:

– Зеренді ауданында бүгін 3 ауылға әкім сайланады. Қазір біз солардың бірі Айдабол ауылындағы сайлау учаскесіндеміз. Жалпы аталған елді мекенде мұндай сайлау алғаш рет өтіп жатыр. Ал бұл ауылдың әкімі болуға 3 адам ниет білдіріпті.

Богдан Дятлов, №551 сайлау учаскесі комиссиясының хатшысы:

Сайлау бірқалыпты өтіп жатыр. Өткен референдумда біздің сайлаушылардың 93 проценттен астамы дауыс бергенін ескерсек, бүгін де бұл көрсеткіштен кем болмайды деп сенеміз. Оның үстіне осы сайлаудың алдында әлеуметтік сауалнама жүргізіп, халықтың саяси науқанға қызығушылық танытып отырғанын байқадық.

Ал ауыл халқының саяси науқанға деген белсенділігі жаман емес. Әсіресе таңмен таласып, сайлау учаскесі ашыла сала дауыс беруге асыққан тұрғындарды көзіміз шалды. Жалпы бұл ауылда 700-ден астам сайлаушы бар.

Сергей Тищенко, Айдабол ауылының тұрғыны:

– Бұл сайлау – біз үшін өте маңызды. Себебі өз ауылымызға басшы сайлап жатырмыз. Кандидаттарды жақсы танимыз. Қалаған адамымызды өзіміз таңдап аламыз. Ал жаңа әкімге жүктелер міндет көп. Жолдарды жөндеп, ауылды абаттандыруға басымдық беруі тиіс.

Елена Мейер, Айдабол ауылының тұрғыны:

– Бізге биыл ауылдың әкімін өзіміз таңдауға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл өте жақсы бастама. Ал халықтың өзі сайлаған әкім тұрғындардың талабына сай болуы тиіс. Ең бастысы, елді мекендегі түрлі мәселелерді шешіп, ауыл өмірін жақсартуға атсалысса болғаны.

Жалпы Зеренді ауданында бүгін Айдабол ауылынан бөлек Қанай би және Ортақ елді мекендеріне де жаңа әкім сайланады.

Айта кетейік, дәл осындай сайлау қазір тағы 6 ауданда өтіп жатыр.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Ал кандидаттардың жас шамасына келер болсақ, олардың орташа жасы – 42. Ең үлкені 58-де. Жастардың арасынан тек 1 ғана кандидат бар. Оның жасы 25-те.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный