Бас қалада дін көшбасшыларының VII съезіне дайындық қарқын алды

Қыркүйек айында елордада рухани әлем үшін айтулы шара өткелі отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары дәстүр бойынша кезекті VII съезге жиналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бас қалада дайындық жұмыстары қарқын алған. Адамзаттың пандемиядан кейінгі рухани және әлеуметтік дамуы. Ондағы діни көшбасшылардың рөлі. Бұл ауқымы кең тақырып елорда төрінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің өзегіне айналмақ. Бірегей форум 14-15 қыркүйек аралығында 60 мемлекет делегаттарының басын қосады. Әлемдік деңгейдегі рухани көсемдер мен белді саясаткерлер аталған жиынға шақыруды разылықпен қарсы алды.

Болат Сәрсенбаев, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы:

Биыл съезд жұмысына Рим папасы Франциск, Орыс православ шіркеуінің патриархы Кирилл, Әли Асқар жоғары мүфтиі шейх Ат Таиб, сондай-ақ Иерусалим патриархы Фиофил-үшінші және басқа да дін басылары қатысатынын растады. Көптеген мемлекеттің дін істері жөніндегі министрлері қатысқалы отыр.

Қазір дайындық қызу. Бұл – еліміздің оң имиджі үшін таптырмас мүмкіндік, дейді ұйымдастырушы тарап. 130 шетелдік делегация шақырылса, оның 100-ге жуығы қатысатынын растап үлгерді.

Болат Сәрсенбаев, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы:

Бұндай бірегей алаң әлемнің ешбір елінде жоқ. Съезді Қазақстан өткізуінің белгілі заңдылығы да бар. Еліміз тарихи тұрғыда діндердің қиылысында орналасып, территориямызда әртүрлі дін өкілдері бұрыннан өмір сүрді. Қазақстан жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтайтын тұрақты ел ретінде беделі артып келе жатқаны сөзсіз.

Алғашқы съезд елімізде 2003 жылы өтті. Содан бері диалог алаңы әр 3 жыл сайын жанданып, дүние жүзін алаңдатқан өзекті тақырыптар қаузалды. 19 жыл ішінде Қазақстан өзін толерантты мемлекет ретінде рухани әлем назарын өзіне аудара білді. Түрлі конфессия мен дін өкілерін келіссөзге үндеді. Осы үрдіс биыл да жалғасын тауып отыр.

Протоиерей Дмитрий Байдек, Успен кафедралы соборының дін қызметшісі:

– Қазіргі қоғамда діннің алар орны өте маңызды. Жалпы әлемдік ахуал, әлеуметтік, экономикалық мәселелер төңірегінде де орны ерекше. Айналамызда түрлі шиеленістер, адамдар арасындағы түсініспеушіліктер болып жатады. Сондықтан бір үлкен дөңгелек үстел басында әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының кездесуі маңызды оқиға. Түрлі дін өкілдерінің келіссөз жүргізе алатынын, бір-бірін тыңдай алатынын, әрқайсысы өз пікірін ортаға сала алатынын көріп, көп адам өзіне сабақ алады деп ойлаймын. Бұл – бейбіт келісімге үндейтін іс-шара. Осы съезд көпке үлгі боларына сенемін.

Бұл – этносаралық және конфессияаралық диалог пен келісімнің қазақстандық үлгісі. Шараға төрткүл дүние көз тікпек. 100-ден аса шетелдік ақпарат құралының өкілі – соның ішінде Euronews, CNN Әл-Жазира және еуропаның өзге де медиа алыптары съезд жұмысы жайлы жер-жаһанға ақпар таратады.

Авторлары: Рухани Асқар, Ырыстанбек Оспанов, Мұрат Әріпханов