Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімін қабылдады

Марат Сұлтанғазиев, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгеріс бар екенін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Стратегиялық даму жобасын таныстырды. Құжат 2 кезеңді қамтиды. Оның алғашқысы 2025 жылға дейін, кейінгісі 2030 жылға дейін іске асады. Өңір басшысының айтуынша, таяу уақытта инвестицияның өсімін 686,5 миллиард теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Бұл мақсатта 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 132 жобаның инвестпортфелі жасақталды. Сондай-ақ кездесуде аймақтағы ең өзекті ахуалдың бірі – үш ауысымды мектептер мәселесі де сөз болды. 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасымен 51 мектеп салу көзделіп отыр. Жетекші жоғары оқу орындары мен колледждердің филиалдары, дарынды балаларға арналған мектеп лицейі, медициналық хаб ашылады. "Білімді ұлт» ұлттық жобасының аясында 11 колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. 38 медицина нысаны салынады. Оған қоса, облыс орталығында 500 орындық көпсалалы аурухана құрылысы жобаланған. Облыс экономикасын дамытудың негізін қайта өңдеу секторы, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика және туризм құрайды. Өңір басшысының айтуынша, қазірдің өзінде облыста 2700-ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 23 жоба іске асырылып жатыр. Ал, агроөнеркәсіп кешені саласында 3 мыңнан астам азаматты еңбекпен қамтитын 78 жоба қолға алынған. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев  облыс дамуының стратегиялық жоспарын тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыруды тапсырды