Қазақстандық теннисші Аделаида турнирінің екінші айналымына шықты

Әлемнің 28-ракеткасы қазақстандық Юлия Путинцева Аделаида (Австралия) турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Осы жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 54-орында тұрған германиялық Лаура Зигемундпен кездесті. Бірінші партияда Ю.Путинцева брейк жасап, жеңіске жете алды – 6:4.

Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейкке қол жеткізді. Алайда Л.Зигемунд сол бойда қарымта қайырып, таразы басын теңестірді – 3:3.

Дегенмен Ю.Путинцева матчты тағы бір брейкпен бітірді – 6:4. Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 49 минутқа созылды. Юлия ширек финалға шығу үшін рейтингте 292-сатыдағы австралиялық Сторм Сэндерспен таласады.