Қазақстандық шаңғышы акробаттар әлем чемпионатында жүлдеге іліге алмады

Алматыда фристайл могул және шаңғымен акробатика түрінен әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Бүгін акробаттар жекелей сында жүлделі орындарды сарапқа салды. Қазақстан құрамасының сапынан Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмырзаева іріктеу кезеңінен іркілмей өткенімен, финалда бақтары жанбады.

Әлем чемпионатының сәрсенбілік жарыс күні спортшыларымыз үшін сәтті бола қойған жоқ. Шаңғымен акробатикадан жүлде күткеніміз жасырын емес. Алайда жерлестеріміздің жолы болмады.  24 үміткердің арасында Қазақстан намысын 4 спортшы қорғаған еді. Аяна Жолдас пен Маржан Ақжігіт алғашқы айналымнан аса алған жоқ. Ал Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмырзаева финалға жолдама алды. Жанботаға жанкүйер болып келген сіңілісі Назерке де бізбен бірге әпкесінің тілеуін тілеп отырды.

Назерке Алдабергенова, жанкүйер:

– Мен Жанбота әпкемнің туған сіңілісі боламын. Әпкемді қолдауға келдім. Міне туыстарымызбен келдік. Шетелде болған кезде біз қолдауға бара алмаймыз. Сол себепті бүгін Алматыда болғаннан кейін Шымкенттен келдік. Көзімбен көргеннен кейін өте толқимыз, қорқамыз, уайымдаймыз. Бірақ әрқашан қолдап отырамыз.

Финалды өте жақсы бастаған Жанбота екінші мүмкіндігінде өрескел қателік жіберіп, нәтижесінде суперфиналдан сырт қалды. Ал Ақмаржан Қалмырзаева екінші жаттығуын сауатты орындағанымен үздік ондықтың қатарынан көріне алмады. Енді қыздарымыз командалық сайыста аянып қалмаймыз деп отыр.

Ақмаржан Қалмырзаева, Қазақстан құрама командасының мүшесі:

– Бірінші кезеңде мен үшін қиындау элемент болды. Ол элементті жақсылап дайындап үлгерген жоқпын. Сол үшін жақсы істей алмай қалдым. Қолымнан келгені осы.

Жігіттерміз жігер мінез таныта алған жоқ. Жарыс жолына шыққан Шерзод Қашырбаев пен Роман Иванов және Нұрлан Батырбаев пен Елдар Батрудиновтар іріктеу кезеңінде сүрінді. Кімдер топ жарды деген сауалға келсек, ерлер арасында ресейлік Максим Буров топ жарса, қыздар арасында австралиялық Лора Пил әлем чемпионы атанды. Ертең акробаттар командалық сайыста бақ сынайды.

Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов