Жазғы Олимпиадалық спорт түрлерінен V жастар спорт ойындары басталды

Елімізде жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен бесінші жастар спорт ойындары басталды.

Әр 4 жыл сайын өтетін жарыста спортшылар сайыстың 36 түрінен бақ сынайды. Қазақстанның 17 аймағынан жиналған сайыпқырандар Шымкенттегі алаңдарда оқ ату, көркем гимнастика, садақ ату, стенд ату, бадминтон және гандболдан өзара мықтыны анықтайды. Салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат еткен жастар бір апта бойы сыннан сүрінбей өтіп, соның ішінде сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар еліміздің ұлттық құрамасы сапына алынады. Жарыстар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізіледі. Спорт ойындарының қатысушылары мен жаттықтырушылар Соvid-19-ға қарсы ПТР тест сынамаларын тапсырып, арнайы анықтамалар ұсынды дейді спорттық шараны ұйымдастырушылар.

Серік Сәпиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

- Жастардың бұл спорт ойындары қорытындысы негізінде әр спорт түрінен ұлттық құрама мүшелері жасақталады. Олар еліміздің атын халықаралық сайыстарда шығарады деп сенемін. Мұндай жарыстар бұқаралық спорттың деңгейі мен мерейін үстем етеді деп ойлаймын.