Шымкентте әмбебап жекпе-жек спорт түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Шымкентте әмбебап жекпе-жек спорт түрлерінен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекесіне арналған спорттық шараға «Nur Otan» партиясы мен «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығы және де «Қазақстан Республикасы «Унибой» әмбебап жекпе-жек Федерациясы» қолдау көрсетіп отыр. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл арнайы қатысты. Ел біріншілігіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен қатар еліміздің барлық облыстарынан сайдың тасындай іріктелген мықтылар сынға түсуде. 160 тан астам спортшының басын қосқан жарысқа 10 жаспен 15 жас аралығындағы сайыскерлер бақ сынауда. Бүгін жартылай финалда жеңіске жеткендер ақтық сынға жолдама алып, әмбебап жекпе-жектің көркін қыздыратын болады. Ал осы сыннан сүрінбей өткендер сәуірде Ақтау қаласында өтетін сайысқа жолдама алады. Жарысты ұйымдастыру алқасының мәліметінше, қатысушы барлық спортшылар бабында. Ал залда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толығымен сақталған дейді.

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Тап осы жерде шыңдалған спортшыларымыздың барлығы әлемдік және Азия чемпионаттарына қатысады.Осы жерде болып жатқан әмбебап жекпе-жектен республика бойынша дамуда бұл үрдіс. Осыдан кейін сәуір айында Маңғыстау облысында болады. Сондықтан да жігерлі жалынды жастардың барлығына жасөспірімдер арасындағы бұл бір үлкен жарыс болып саналмақ.