Түркістанда дауға айналған стадионға қатысты тексеру басталды

Түркістандағы құрылысын BI-Group компаниясы жүргізген стадионға қатысты тексеру басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Самұрық қазына» әл-ауқат қорының тапсырысы бойынша 39 млн долларға салынған «Түркістан арена» стадионының сапасына қатысты дау өткен аптада басталған болатын. Қазақстан чемпионаты кезінде нөсер жаңбыр жауып, жасыл алаң шылқыған суға толған еді. Ойыншыларға кедергі келтіріп, жұрттың ашу-ызасын тудырды.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Өткен аптадан бері әлеуметтік желіде сынның астында қалған Түркістандағы жаңа стадион осы. «Тұран» мен «Астана» футбол командалары 90 минут бойы осында толарсақтан су кешіп, доп тепкен болатын. Сол күні су ағарлар дұрыс жұмыс істемеді ме, әлде жауын шамадан тыс көп жауды ма, ойын аяқталғанға дейін мына алаң көлге айналды. Ал оның себебін арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр екен.

39 млн долларға салынған 7 мың орындық халықаралық стадионның нөсер жауынға төтеп бере алмауы жанкүйерлердің ашу-ызасын туғызып, қоғамның талқысына түсті. Ал жаңа нысанды қабылдап алған облыстық спорт басқармасының басшысы бұл олқылықты сол күнгі қолайсыз ауа райымен байланыстырады.  

Қанат Жолдақараев, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы:

- Түнімен жауын жауды да, ауа райын болжау орталығынан алынған мәлімет бойынша, жаңбыр 18 сағаттың ішінде 1 айлық нормадан артқан. Жаңбырдың көп жаууына байланысты кедергілер болды. Дренаждардың талапқа сайлығын комиссия тексеріп біткеннен кейін қорытындысын айтамыз.

«Тұрае» мен «Астана» командаларының ойынынан бері 1 аптаға жуық уақыт өтсе де жасыл алаң әлі шылқып жатыр. Қазір осы оқиғаға қатысты тексеру шаралары басталды. Сондай-ақ қалалық прокуратура тарапынан талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда тексеру нәтижелері шықпай жатып-ақ, нысанды салған құрылыс компаниясы стадионның кем-кетігі өз қаражаттары есебінен қалпына келтіретіндіктерін жеткізді.

Дархан Тоғаев, құрылыс компаниясының өкілі:

– Қазір осындай жағдай болғаннан кейін біз өз компаниямыздың атынан материалды өзіміз аламыз. Ол бір айдың ішінде осы стадионға жеткізіледі. Сосын алаңды қалпына келтіреміз. Еліміздің білікті мамандары, агрономдар келеді. Жаңбырдан кейінгі болған кемшіліктерді түзейміз.

Қыруар қаржыға салынған нысанның сапасын сынға алған «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаты Азат Перуашев мұндай стадионда кім ойнаса да ұят деді. Халық қалаулысы бұл құрылыс нарығында 2-3 компанияның ғана жұмыс істеуінің жемісі екенін атап өтті. Әділетті бәсекелестік қана сапаға жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

Азат Перуашев, «Ақ Жол» партиясы фракциясының депутаты:

- Футболшылар шынын айтсақ судың үстінде жүгіріп, доп ойнады. Бір команданың бапкері бұл футбол емес, су добы деп атап қойды. Біз осындай заманауи ғимарат салған кезде аурухана болсын, сол нысандардың құрылысы белгілі 2-3 компанияның қолына қайта-қайта түсіп жатыр. Монопализация деген қиын болып жатыр. Құрылыста да сондай жағдайды байқап отырмыз.

Айта кетейік, жауынды күнгі ойыннан кейін команда бапкерлері қолайсыз ауа райына қарамастан ойынды жалғастырып, аяқдопшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген футбол федерациясына наразылықтарын жеткізді. Ал стадионның сапасына қатысты құрылған комиссияның қандай шешім шығаратыны әзірге белгісіз.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы